Головкиннің келесі қарсыласы Канело емес, Каллум Смит болмақ

2018 ж. 9 қараша
Головкиннің келесі қарсыласы Канело емес, Каллум Смит болмақ

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин келесі жекпе-жегін 2019 жылдың мамырында супер орта салмақтағы WBA Super және The Ring чемпиондық белбеулерінің иегері британиялық Каллум Смитке қарсы өткізуі мүмкін.

Әлбетте, қыркүйекте бірінші рет жеңілістің кермек дәмін татқан жерлесіміз ешқандай аралық айқас өткізбей-ақ бірден Канеломен қарымте жекпе-жекке шыққысы келетіні анық. Бірақ, бұған мексикалық «сары бала» көне ме? Ол Головкиннің тағы бір жылға қартайғанын күтетіні анық. Жекпе-жек келесі жылдың қыркүйегінде ғана өтуі мүмкін. Ал оған дейін Triple G де бос жүре бермейтіні түсінікті. Оған дейін бір-екі жекпе-жек өткізуге тырысары сөзсіз. Бірақ, кім бар? Риота Мурата ұтылып қалды. Джермал Чарло қызықтырмайтын секілді. Джейкосбтың қаншалықты қауіпті екенін былтыр сезінді. Оның үстіне, соңғы екеуі соншалықты табыс та әкеле қоймайды-ау. Сондықтан, Головкин амал жоқ, басқа салмақтарға қарайлай бастады. Сөйтті де, назарын бірден екінші орта салмақтағы Каллум Смитке аударды.

Жекпе-жек келесі жылдың мамырында 50 мың көрермен сидыра алатын Ливерпульдің «Энфилд» стадионында өтуі мүмкін.

Каллум – екінші орта салмақтағы WBA super және The Ring чемпиондық белбеулерінің иегері. Дүниежүзілік бокс супер сериясының бірінші маусымының жеңімпазы.

– Мен өзімді ең мықты боксшыларға қарсы жекпе-жектерде тексеріп көргім келеді. Жарқын болашағыма сенемін. Менің салмағымда да, көршілес салмақтарда да мықты боксшылар көп. Екінші орта салмақтағы шаруаларымды бітірген соң жартылай ауыр салмаққа ауысуға қарсы емеспін. Ал оған дейін Андре Уорд былғары қолғабын қайта киер болса, Андремен айқасуға дайынмын. Сондай-ақ, Головкинмен де төбелесуге қарсы емеспін, – деді Каллум Смит.

Текст: Sadvakas Maikibayev