59 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі басты жұлдыздар
Cәуірдің 30 күні Лаг-Вегаста өтетін Шакур Стивенсон мен Оскар Вальдес арасындағы 59 келіге дейінгі екінші жеңіл салмақтағы жекпе-жек, бірқатар сарапшылардың пікірінше, 2022 жылдың ең жарқын бокс оқиғасы мәртебесіне ие бола алады. Әңгіме тек ең беделді нұсқалардың бірі бойынша әлем чемпиондары бір-біріне қарсы рингке шығатынында ғана емес. Еске салайық, 31 жастағы мексикалық Оскар Вальдес (30-0, 23 КО) WBC титулының иегері, ал оның 24 жастағы американдық қарсыласы Шакур Стивенсон (17-0, 9 КО) қазір WBO чемпионы.
Сонымен қатар, ең беделді бокс интернет-ресурсы BoxRec-тің рейтингінде дәл осы екі боксшы көш бастап тұр. Бірінші орында – Стивенсон (112,7 ұпай), ал екінші орында – Вальдес (83,73). Басқа чемпиондармен салыстырар болсақ, онда IBF чемпионы жапондық Кеничи Агава (26-1-1, 18 КО) бесінші орынға ие болса, WBA титулының иегері венесуалдық Роджер Гутьеррес (26-3-1, 20 КО) рейтингтің тек 19 орнына тұрақтаған.
Букмекерлердің бұл кездесудегі фавориті – Стивенсон. Шынында да, оны кәсіби бокстың МЕГА жұлдыздарының қатарына қосу тегіннен-тегін емес, өйткені оның қабілеті мен дарыны бір төбе. Биік шыңдарды бағындыру үшін Шакурда керектінің бәрі бар. Ол кәсіби мансап баспалдағымен сенімді көтерілуде. Алайда, Вальдестің де керемет боксшы екенін ұмытпаған жөн. Оны бүгінгінің ең мықты жаттықтырушысы саналатын Эдди Рейносоның өзі жаттықтырады. Ал Эддидің ең танымал оқушысы – 76,2 келіге дейінгі екінші орта салмақтағы абсолютті әлем чемпионы және әлемдік рейтингтің көшбасшысы Сауль «Канело» Альварес (57-1-2, 39 КО). Вальдес осы жарық жұлдызбен бірге жаттығып, өз қабілетін шыңдап жүр.
Көпшілік Стивенсонды қазіргі таңдағы қорғанысы бойынша әлемдегі ең мықты боксшы деп санайтынын ескерсек, онда Вальдеске басты назарды жылдамдық пен тұрақты қысымға аудару ұсынылады. Тек осылай ғана ол бойы (166 сантиметр 173 сантиметрге қарсы) мен қолының көлемі үлкен американдықпен арадағы айырмашылықты теңестіре алады. Стивенсонның міндеті – қарсыласын қашықтықта ұстау. Сондықтан, Вальдестің жойқын күшке қаншалықты дайын екенін және оған Стивенсонның жауап ретінде не дайындағанын көру өте қызықты.
Ұзын сөздің қысқасы, бұл өте тамаша жекпе-жек болмақ!