Жәнібек Әлімханұлының қарсыласы кім?

2021 ж. 19 қараша
Жәнібек Әлімханұлының қарсыласы кім?

Хассан Н’Жикам – 37 жаста.Камерун боксшысы бір кездері ірі әуесқой чемпионаттарда сәтті өнер көрсетіп, Африканың ең үздік боксшыларының бірі атанған. Хассан Африка ойындарының күміс жүлдегері (2003) және Африка чемпионы (2003). 2004 жылғы Олимпиада ойындарында чемпион атанған ресейлік Гайдарбек Гайдарбековке ¼ финалда есе жіберген.

2004 жылдың желтоқсанында Афинадағы Олимпиададан үш ай өткен соң, Хассан Н 'Жикам кәсіпқой боксқа ауысады. Кәсіби рингке ауысқаннан кейін ол тек елді ғана емес, сонымен бірге Франция азаматтығын алып, төлқұжатын да өзгертеді.

Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы ол кезде 11 жастағы бозбала болатын. Ол енді ғана Жыланды ауылының бокс секциясында жаттығып, жаттықтырушысы Мұрат Сихимбаевтан сабақ алып жүрген.

Кәсіби рингтегі дебютінен кейін Н'Жикам сегіз жыл бойы бірде-бір рет жеңіліс таппаған. Оның мінсіз рекорды-23 жеңіс.

2010 жылы Н’Жикам мықты грузин Автандил Хурцидзені жеңіп, орта салмақтағы WBA нұсқасы бойынша уақытша чемпиондық белбеудің иегері атанады. Келесі жылы ол өз белбеуін доминикандық Джованни Лоренцоға қарсы сәтті қорғайды. Осыдан кейін Хассанды WBA "тұрақты" чемпионы Геннадий Головкинге қарсы жекпе-жек күтеді. Бірақ Хасан кенеттен белдікті босатып, GGG-мен жұдырықтасудан бас тартады.

2012 жылдың мамыр айында Н’Жикам украиндық Макс Бурсакты жеңіп, WBO нұсқасы бойынша уақытша чемпионның белбеуін иеленеді. Одан кейін ол WBO чемпионы атағын қарсыластың бас тарту себебімен, жекпе-жексіз иеленеді. Бірақ араға бір ай салып бұл чемпиондық белдіктен айырылып қалады.

2016 жылы француз боксшысы венесуэлалық Альфонсо Byге қарсы жекпе-жекте WBА-дің уақытша чемпионы атағын иемденеді.

2017 жылдың мамыр айында Н’Жикам жапон боксшысы, Олимпиада чемпионы, Головкиннің алдағы қарсыласы Рета Муратамен жекпе-жек өткізеді. Бұл кездесуде Мурата алғаш рет жеңіліске ұшырайды, ал Хасан WBA нұсқасы бойынша орта салмақтағы жаңа әлем чемпионы атанады. Алайда, бес айдан кейін болған реваншта жапон боксшысы өзінің чемпиондық белбеуін қайтарып алады.

Н’Жикамның кәсіби мансабындағы келесі жекпе-жек 2018 жылдың желтоқсанында британдық Мартин Мюррейге қарсы өтеді. Британдық жеңіліп, жеңімпаз орта салмақтағы WBC Silver белбеуінің иегері атанады.

2019 жыл француз боксшы үшін сәтсіз жыл болады. Ол екінші орта салмаққа көтеріліп, қатарынан екі рет жеңіліс табады.

2020 жылдың жазында Н'Жикам француздық ARIS FC ММА-промоушенімен келісімшартқа қол қояды. Алайда оның аралас жекпе-жектегі дебюті әлі болған жоқ.

2021 жылдың шілдесінде ол рингке қайта оралып, әйгілі Габор Горбичті төрешілер шешімімен жеңеді.

Енді міне ол өз бағын қазақстандық Жәнібек Әлімханұлымен осы жексенбіде сынамақ. Олардың арасындағы кездесу 10 раундқа созылмақ. Бұл жекпе-жекке WBOGlobal және WBCContinentalAmerica атақтары тігілген.

Жекпе-жекті қарашаның 21 күні тікелей эфирде Qazsport арнасынан тамашалаңыз!