BoxRec-тегі қазақстандықтар
5 орын – Сергей Липинец (17-2-1, 13 КО), 63,5 келіге дейінгі бірінші жартылай орта салмақ
Сергей – 33 жаста. IBF нұсқасы бойынша 2017-2018 жылдары әлем чемпионы болған. Ағымдағы жылға дейін Ресей елінің атынан өнер көрсетіп жүрген ол енді рингте Қазақстан туын желбіретіп жүр. Ресейліктер үшін халықаралық аренада туындаған қиындықтарға байланысты оның қабылдаған бұл шешімі тегіннен тегін емес. Себебі ол Ақтөбе облысының тумасы. Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, оның анасы – қазақ. Сергей бала кезінен Ресейде тұрады.
Липинец 2022 жылы тек бір жекпе-жек өткізді. Тамыздың 28 күні Голливудта (АҚШ, Флорида) ол бұрынғы әлем чемпионы, американдық Омар Фигероаны (28-3-1, 19 КО) сенсациямен жеңді. Фигероа 2 раундта нокдаунға түсті, ал 8 раундта оның секунданттары жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты. Бір қызығы, Липинецтің Фигероаға қарсы рингке шығуы әлемнің бұрынғы чемпионы, американдық Эдриэн Бронердің (34-4-1, 24 КО) психологиялық сипаттағы мәселелерге сілтеме жасай отырып, шаршы алаңға шығудан бас тартқанынан кейін бірнеше күн өткен соң-ақ белгілі болды.
4 орын – Мейірім Нұрсұлтанов (18-0, 10 КО), 72,6 келіге дейінгі орта салмақ
Мейірім – 29 жаста. Бәлкім, биыл оның орта салмақтағы басқа қазақстандық боксшылар – Геннадий Головкин мен Жәнібек Әлімханұлының көлеңкесінде қалуы орынсыз.
Осы жылы Нұрсұлтанов қазақстандық үздік былғары қолғап шеберлерінің арасында аса белсенділік танытып, үш жекпе-жек өткізді. Сонымен қатар, қазақстандықтың қарсыластарына қарап, оның қарсыласу деңгейі сөзсіз жоғары болды деп сеніммен айтуға болады. Барлық үш жекпе-жек те BoxRec-тің бес жұлдызды рейтінгінің үш жұлдызын иемденді. Бұған дейін қазақстандықтардың кездесуі ең көп дегенде екі жұлдызға бағаланатын еді.
Ақпан айында Мейірім Ақтауда ресейлік Андрей Сироткинді (21-2-1, 7 КО) бесінші раундта мерзімінен бұрын жеңді. Маусымда дәл сол жерде аргентиналық Себастьян Орасио Папескинді (19-4, 7 КО) бесінші раундта тізе бүктірді. Қазан айында Люблинде (Польша) өткізген соңғы 10 раундтық кездесуінде тағы бір аргентиналық боксшы Марсело Эстебан Косересті (31-5-1, 17 КО) төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңді.
Табысқа толы болған 2022 жыл Нұрсұлтановқа өз рейтингін көтеруге зор септігін тигізді. Ол WBO тұжырымдамасы бойынша үздік үштікке ілінді.
3 орын – Әли Ахмедов (19-1, 14 КО), 76,2 келіге дейінгі екінші орта салмақ
Али – 27 жаста. Қазақстандық кәсіпқой боксшылар рейтингінде Ахмедовке осындай жоғары позицияны 2022 жылы өткізген жалғыз жекпе-жегі қамтамасыз етті.
Қыркүйек айында Лас-Вегаста өткен 10 раундтық жекпе-жекте ол төрешілердің бірауыздан шешімімен тәжірибелі және әйгілі американдық Габриэль Росадодан (26-6-1, 15 КО) басым түсті.
Бұл қазақстандықтың соңғы екі жылдағы жалғыз маңызды жекпе-жегі деген пікірге ешкімнің дауы болмас.
2 орын – Жәнібек Әлімханұлы (13-0, 8 КО), 72,6 келіге дейінгі орта салмақ
Жәнібек – 29 жаста. Мамыр айында ол британдық Дэнни Дигнумды (14-1-1, 8 КО) екінші раундта нокаутқа жіберіп, WBO нұсқасы бойынша «уақытша» әлем чемпионы атанды. Айтпақшы, бұл 2021 жылдың көктемінде өте даулы, тең нәтиженің арқасында жоғарыда аталған Андрей Сироткинмен өткізген жекпе-жекте Еуропа чемпионы атағын сақтап қалған Дигнум.
Естеріңізге сала кетейік, WBO-ның әлем чемпионы американдық Деметриус Эндраде (31-0, 19 КО) орта салмақтан кету туралы шешімін жариялағаннан кейін бұл атақ Әлімханұлына өткен болатын. Қараша айында ол өзінің белбеуін алғаш рет қорғады. Дегенмен, британдық Дензел Бентлимен (17-2-1, 14 КО) өткен кездесуде қазақстандық боксшы тамаша өнер көрсетті деп айта алмаймыз. Бірақ, Әлімханұлының 12 раундтың қорытындысы бойынша төрешілердің бірауыздан шешімімен жеткен жеңісі еш күмән тудырмайды.
1 орын – Геннадий Головкин (42-2-1, 37 КО), 72,6 келіге дейінгі орта салмақ
Геннадий сәуір айында 40 жасқа толды. Биыл ол екі жекпе-жек өткізді. Сәуір айында Күншығыс елінде Рета Муратаны (16-3, 13 КО) 9 раундта техникалық нокаутпен жеңді. Осылайша, IBF және IBO титулдарының иегері Головкин WBASuperнұсқасы бойынша тағы бір белбеуді қанжығасына байлады.
Қыркүйек айында өткізген 12 раундтық жекпе-жегінде Геннадий өзінің көптен бергі қарсыласы, екінші орта салмақтағы абсолютті әлем чемпионы мексикалық Сауль «Канело» Альвареске (58-2-2, 39 КО) есе жіберді. Үш төреші де жеңісті Альвареске берді. Дегенмен, Геннадийдің барлық 12 раундқа төтеп бере алатынына сенім білдіргендер өте аз болды (әрине, қазақстандықтарды қоспағанда). Оның үстіне, бұл оның 76,2 келіге дейінгі екінші орта салмақтағы алғашқы жекпе-жегі болған еді.
Осы екі кездесу үшін Головкинді шет елде де, Қазақстанда да сынағандар көп болды. Алайда биылғы жылы біздің боксшыларымыздың қайсысы Головкин жұдырықтасып жүрген жоғары деңгейдегі былғары қолғап шеберімен кездесті?