Апта жекпе-жегі: болашақ қазақстандық салмақта екі әлем чемпионы атағы үшін болатын шайқас

2021 ж. 22 қараша
Апта жекпе-жегі: болашақ қазақстандық салмақта екі әлем чемпионы атағы үшін болатын шайқас

Қараша айының 27 жұлдызында Лас-Вегаста өтетін кездесуді – жылдың әлеуетті жекпе-жегі деп атайды. Себебі дәл осы таласқа 55.3 келіге дейінгі екі беделді – WBC және WBO чемпиондық титулдары тігілмек. Бұл салмақ дәрежесіне қазақстандық жанкүйерлердің қызығушылығы ерекше.

Әлемдік деңгейдегі солисттер

Аталмыш жекпе-жекті бүкіл әлемдегі бокссүйер қауым көптен бері күтуде. Шынында да, бұл әлемдік бокстың жарқын жұлдыздарының ұмытылмас қақтығысы болады деп болжауға толық негіз бар. Әңгіме екі жеңіл салмақтағы 55.3 келіге дейінгі әлем чемпиондары, американдықтар – Брэндон Фигероа (22-0-1, 17 КО) және Стивен Фултон (19-0, 8 КО) туралы болып отыр. Фигероа –Дүниежүзілік бокс кеңесінің WBC нұсқасы бойынша, ал Фултон – Бүкіләлемдік бокс ұйымының WBO тұжырымдамасы бойынша әлем чемпионы.

Екеуі де өз атақтарын осы жылы ғана иемденсе де, қазірдің өзінен-ақ абсолютті чемпиондыққа дейін өз үстемдіктерін кеңейтуге бел буып отыр. Олардың жекпе-жегі 18 қыркүйекке жоспарланған болатын, алайда ол қатысушылардың бірі ковид жұқтырғанына байланысты кейінге шегерілді.

Брэндон Фигероа – 24 жаста. Дегенмен, кәсіби рингтеалты жылдан бері өнер көрсетіп келеді. 2015 жылдан бастап шаршы алаңда 23 жекпе-жек өткізіп үлгерген. Өзінің салмақ дәрежесі үшін ол – нағыз «баскетболшы». Өйткені оның бойының ұзындығы - 1,73 метр болса, қолының ауқымы – 183 см.

Стивен Фултон – 27 жаста. Оның бойы қарсыласынан сәл қысқалау – 1.70 метр. Қолдың ұзындығы – 170 сантиметр. Бірақ оны өзгелерден күш пен керемет жылдамдық ерекше етеді.

Отандық қызығушылық

Жақында қазақстандық мамандар мен бокс әуесқойлары 55.3 келіге дейінгі салмақ санатына аса назар аудара бастағанын атап өткен жөн. Себебі, қазір Қазақстанда бірнеше жас боксшы бар және олар таяу болашақта аталмыш салмақ дәрежесінде ерекше рөл атқарып, әлемдік деңгейде өз орнын табуы мүмкін.

Бүгінде бұл былғары қолғап шеберлері әуесқой бокста өз бақтарын сынап жүр. Атап айтар болсақ, солардың бірі – 24 жастағы Сәкен Бибосынов. Қараша айының басында Белградта өткен әлем чемпионатында ол 51 келіге дейінгі салмақта алтын медальды қанжығасына байлады. Бұған дейін Токио Олимпиадасында Сәкен 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола жүлде иемденген еді. Бірақ, бұл айтулы доданың жартылай финалындағы Бибосыновтың жеңілісімен көпшілік келіспейді.

Қазақстан құрамасындағы тағы бір жарқын спортшы – Махмуд Сабырхан. Ол – 20 жаста. Тек Қазақстан да ғана емес, басқа елдерде де оның Белградта көрсеткен өнеріне тәнті болғандар көп болды. Мүмкін, бұл оған финалда психологиялық тұрғыдан кедергі келтірген де болуы мүмкін. Дегенмен, 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі әлем біріншілігінің күміс жүлдесі – болашаққа зор үміт сыйлады. Ресейде оны "қазақстандық Ломаченко" деп атады. Ал бүгінде Ломаченконың ең мықты және ең әйгілі кәсіпқой боксшылардың бірі екендігі баршамызға аян.

Алайда, 27 қарашада Лас-Вегастадағы бокс кешіне қатысатын Брэндон Фигероа мен Стивен Фултонның жоғары деңгейде өнер көрсететіндеріне ешбір күмән жоқ. Бұл сөзсіз ең жоғарғы пилотаж болмақ!