Әлемнің ардагер чемпиондары

2022 ж. 22 сәуір
Әлемнің ардагер чемпиондары

RingKz.сом порталы бокс әлеміндегі ең беделді төрт нұсқа – WBC, WBA, IBF және WBO тұжырымдамаларының қазіргі чемпионы болып табылатын ең жасы үлкен кәсіпқой боксшыларға назар аударуды ұсынады.

Геннадий Головкин – 40

Ең жасы үлкен чемпиондардың көшін 72,6 келіге дейінгі орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (42-1-1, 37 КО) бастап тұр. Ағымдағы жылдың 8 сәуірінде ол 40 жасқа толды. Ал 9 сәуірде IBF және IBO титулдарының иегері Жапонияда (Сайтама) өткен бокс кешінің 11 раундында техникалық нокаутпен жергілікті боксшы Рета Муратаны (16-3, 13 КО) мерзімінен бұрын жеңіп, қанжығасына WBO Super нұсқасы бойынша чемпиондық атақты байлады.

Головкиннің Сайтамада көрсеткен өнеріне қатысты сыни пікір айтқандар көп болды. Алайда, ол өзінің алдына міндет қойып, оны орындады, дәстүр бойынша жекпе-жекті мерзімінен бұрын тоқтатты.

9 сәуір, 2022 жыл. Геннадий Головкин Рета Муратаға қарсы

Сонымен қатар, қазақстандықтың кездесуге дайындығы бұзылғанын да ұмытпаған жөн. Естеріңізге сала кетейік, жекпе-жек бастапқыда 2021 жылдың 29 желтоқсанына жоспарланған болатын. Бірақ бір айдан аз уақыт қалғанда Жапония билігінің коронавирустық инфекция жағдайының нашарлауына байланысты шетелдіктердің елге кіруіне тыйым салуына байланысты кейінге шегерілді.

Ал қазақстандық боксшының аты аңызға айналғандығы туралы айтатын болсақ, онда оның жалпы чемпиондық мерзімі өте әсерлі екендігі сөзсіз. Орта салмақта Головкин IBF нұсқасы бойынша 2015-2018 жылдары және 2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін, WBC нұсқасы бойынша 2016-2018 жылдары, WBA нұсқасы бойынша 2010-2018 жылдары және 2022 жылдан бастап, IBO нұсқасы бойынша 2011-2018 жылдары және 2019 жылдан бері әлем чемпионы.

Нонито Донэйр – 39 жас

Ардагер чемпиондардың рейтингінде екінші орынды атақты филиппиндік Нонито Донэйр (46-2, 28 КО) алады. Қазір ол 39 жаста және осы жылдың 16 қарашасында ол өзінің қырық жылдығын атап өтеді. Жеңіл салмақ – 53,5 келіде өнер көрсететін оның рекорды – бес салмақ дәрежесіндегі чемпиондық атақ. Алғаш рет ол 2007 жылы IBF бойынша чемпион атанса, содан кейін Донэйр WBC,WBA, WBO және IBO-ны бағындырды.

11 желтоқсан, 2021 жыл. Карсон, АҚШ. Нанито Донэйр (он жақта) Реймарт Габаллоға қарсы

2019 жылы титулсыз қалған ол екі жылдан кейін тағы да беделді WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағына ие болды. Оны 7 айдан кейін – желтоқсанда сәтті қорғап шықты. Ал 7 маусымда филиппиндік былғары қолғап шебері WBA және IBF бойынша әлем чемпионы жапондық Наоя Иноэмен (22-0, 19 КО) жекпе-жек өткізуді жоспарлап отыр.

Майрис Бриедис және Артур Бетербиев – 37 жас

Жасы үлкен чемпиондар арасында үшінші орынды латыш Майрис Бриедис (28-1, 20 КО) және ресейлік Артур Бетербиев (17-0, 17 КО) арасында бөлуге болады. Екеуі де – 37 жаста.

Бриедис 13 қаңтарда 37-нің шыңына шықты. Ол бірінші ауыр салмақта (90,7 келіге дейін) өнер көрсетеді. 2017 жылдан бастап, түрлі кезеңдерде WBC, IBF, WBO, IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы болды. Кәсіби мансабындағы жалғыз жеңілістің кермек дәмін оған 2018 жылы украиндық Александр Усик (19-0, 13 КО) татқызды. 2020 жылы Майрис IBF титулын жеңіп алып (Усик ауыр салмаққа өтті), осыған дейін оны бір рет қорғады.

16 қазан, 2021жыл. Рига. Майрис Бриедис (оң жақта) Қазақстан тумасы Артур Маннға қарсы

Бриедистен 8 күннен кейін, 1985 жылдың 21 қаңтарында ресейлік Артур Бетербиев дүниеге келді. Ол WBC және IBF нұсқалары бойынша жеңіл салмақтағы әлем чемпионы. IBF титулын 2017 жылдан бастап, ал WBC нұсқасы бойынша чемпиондық атақты 2019 жылдан бастап иемденеді. Соңғы жекпе-жегін Артур 2021 жылдың 11 желтоқсанында американдық Маркус Браунға (24-2, 16 КО) қарсы өткізіп, өз қарсыласын 9 раундта нокаутқа жіберді.

Бетербиев 18 маусымда WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы, американдық Джо Смитпен (28-3, 22 КО) жұдырықтасады.

17 желтоқсан, 2021 жыл. Монреаль. Артур Бетербиев Маркус Браунға қарсы