Лондондағы Токио Олимпиадасының лицензиялық турнирі тоқтатылды

2020 ж. 17 наурыз
Лондондағы Токио Олимпиадасының лицензиялық турнирі тоқтатылды

Токио Олимпиадасының Лондонда өтіп жатқан, Еуропа елдері арасындағы лицензиялық турнирі тоқтатылды. Халықаралық Олимпиада комитетінің (IOC) жұмыс тобы коронавирус індетінің қауіпіне байланысты осындай шешім қабылдапты. Өздеріңіз білесіздер, боксшыларды Токиоға әдеттегідей AIBA емес, бұл IOC іріктеп жатқан болатын.

Негізі, Лондондағы Еуропа елдерінің лицензиялық турнирі 24 наурыз күні аяқталуы керек болатын. Бірақ үш күнгі жекпе-жектері толық өткен соң іріктьеу турнирі тоқтатылып, кейінге шегерілді. Әйтсе де, ерлер арасындағы сында, нақтырақ айтқанда, ең жеңіл (52 келі) және жартылай жеңіл (57келі) салмақтардағы 16 боксшы Олимпиада жолдамасына ие болып үлгеріпті.

Енді Еуропа елдерінің лицензиялық турнирі мамыр немесе маусым айында қайта сабақталуы тиіс. IOC жұмыс тобы коронавирус індетіне байланысты әлемдік ахуалды күнде саралап отыратын көрінеді. Лондонға жиналған 60-тан астам елдің боксшылары мен бапкерлдері, сондай-ақ ресми өкілдері билеттерін ауыстырып, үйлеріне тезірек жетіп алуы үшін осындай шешім қабылданған.

Айтпақшы, мамыр айында Парижде өтуі тиіс бүкіләлемдік лицензиялық турнирде кейінге шегерілген. Нақты қай уақытта өтетіні – әлі белгісіз. Ал Америка құрлықтары елдерінің лицензиялық турнирі өткен аптада кейінге шегерілген. IOC басшылары «Токио – 2020 Олимпиадасының ашылу салтанатына дейін әлі 19 апта бар» деп, оған дейін барлық іріктеу турнирлерін өткізіп, жоспарларын жүзеге асырып үлгереміз деген үміттерін үзбейді.