Әлімханұлы-Дигнум өнер көрсететін бокс кешінің басты қатысушылары
RingKZ.com порталы 21 мамыр күні Лас-Вегаста өтетін бокс кешінің қатысушыларын назарларыңызға ұсынады. Жәнібек Әлімханұлы мен Дэнни Дигнум арасындағы орта салмақтағы WBO тұжырымы бойынша уақытша титул үшін жекпе-жек – кештің басты оқиғасы болмақ.
Қазақстандық былғары қолғап шебері Жәнібек Әлімханұлы (11-0, 7 КО) кәсіби мансабындағы басты жекпе-жекке шыққанда, елімізде 22 мамырдың таңы атады. Еске салайық, Әлімханұлы британдық Дэнни Дигнуммен (14-0-1, 8 КО) 72,6 келіге дейінгі орта салмақтағы WBO тұжырымы бойынша «уақытша» чемпиондыққа таласады. Сөзсіз, бұл айтулы тартыстың фавориті қазақстандық боксшы.
Лас-Вегастағы бокс кешінің негізгі бағдарламасында жеңіл салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы американдық Джамел Херринг (23-3, 11 КО) пен оның отандасы, 2020 жылғы Олимпиада қатысушысы, Токиода 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Тайгер Джонсонның (3-0, 2 КО) қатысуымен өтетін жекпе-жектер бар.
Джонсон - Кучарски
23 жастағы Джонсон - атақты Тор Rank промоутерлік компаниясының болашағына зор үміт артып отырған спортшыларының бірі. Айтпақшы, 2020 жылы Токиода өткен Олимпиадада американдық өзінің алғашқы жекпе-жегінде, 1/8 финалда Қазақстан құрамасының жұлдызды боксшыларының бірі Абылайхан Жүсіповты 5:0 есебімен жеңген. Дегенмен, келесі айналымда Джонсон Токиода екі дүркін Олимпиада чемпионы атанған кубалық Рониэль Иглесиасқа тура осындай нәтижемен есе жіберген.
Американдық боксшының әуесқой бокстағы өткені туралы әңгімені қорытындылай келе, 2016 жылы ол Санкт-Петербургтегі жасөспірімдер әлем чемпионатында алтын алып, содан кейін 2019 жылы Панамерикалық ойындарында қола жүлдегер атанғанын еске түсіру артық болмас.
Лас-Вегаста 21 мамыр күні Деланте «Тайгер» Джонсон аргентиналық Августин Кучарскимен (7-4-1, 2 КО) кездеседі. Бұл 66,7 келіге дейінгі жартылай орта салмақтағы 6 раундқа жоспарланған жекпе-жек. Американдықтың жеңетініне күмән жоқ, сондықтан оның жеңіске қалай қол жеткізетінін көру қызық.
Top Rank бұл боксшыны танымал қылу үшін өте белсенді жұмыс жүргізуде. «Тайгер» кәсіпқой рингтегі дебютін 2021 жылдың 20 қарашасында, өткен жылдың ең мәртебелі (!) бокс кештерінің бірінде жасады. Айтулы кеште жарық жұлдыздар - Теренс Кроуфорд пен Шон Портер шайқасты. Осыдан кейін, 2022 жылы Джонсон екі рет - қаңтар және наурыз айларында шаршы алаңда өнер көрсетті.
Ортиз – Херринг
Лас-Вегастағы 21 мамырда өтетін жекпе-жектердің негізгі бағдарламасында екі американдық Джамел Херринг (23-3, 11 КО) пен Джемейн Ортиз (15-0-1, 8 КО) арасындағы текетірес те көпшіліктің қызығушылығын тудырып отыр.
Бұл 61,2 келіге дейінгі жеңіл салмақтағы 10 раундқа созылатын жекпе-жек. Бұл жұпта көпшіліктің назары Джамел Херрингке түсіп отыр. Өйткені ол 2019-2021 жылдар аралығында WBO нұсқасы бойынша 58,9 келіге дейінгі супер жеңіл салмақта әлем чемпионы болған. Херринг 2021 жылдың 23 қазанында Top Rank-тың тағы бір жарық жұлдыздарының бірі, жақында ғана WBA чемпионы атанған Шакур Стивенсонға (18-0, 9 КО) жеңіліп, титулымен қоштасты.
Айтпақшы, 21 мамырда Лас-Вегаста өтетін бокс кешін ұйымдастырушысы – Top Rank компаниясы. Бұл жекпе-жек Херрингтің жеңілісін көру үшін ұйымдастырылып жатпағандығы анық. Алайда, оның қарсыласы Джемейн Ортиздің осы күнге дейінгі жүріп өткен жолы осал емес. Сондықтан тартысты, бәсекеге толы жекпе-жек болатынына үміт бар.