АІВА әуесқой бокстан айрыла ма?

2018 ж. 29 қараша
АІВА әуесқой бокстан айрыла ма?

Халықаралық Олимпиада комитетінің басшысы Томас Бах әуесқой бокстағы даулы жағдайлардан спортшылардың зардап шекпейтінін айтты. Егер АІВА өз былығын дер кезінде реттемесе, онда Олимпиадаға іріктеу турнирлері WBC немесе WBA сынды ұйымдардың аясында өтуі мүмкін.

Алғаш рет ХОК АІВА-ға наразылығын 2016 жылғы Рио де-Жанейродағы Олимпиада ойындарынан кейін білдірген. Расымен де Бразилияда өткен төрт жылдық турнирде көптеген даулы жекпе-жектер орын алып, жанкүйерлер де өз наразылықтарын білдірген. Ал Олимпиада аяқталғаннан кейін Халықаралық Олимпиада комитеті АІВА-дан төрешілер шатағын, қаржы қулықтарын, допинг дауын шешуді талап еткен. Дегенмен, екі жылдың ішінде еш жағдай өзгермегеннен кейін ХОК жетекшілері Әуесқой бокс қауымдастығының басшысы Гафур Рахимовтың орнынан кетуін және қараша айында өтетін сайлауға түспеуін қадап айтқан.

Алайда, Гафур Рахимов президенттік сайлауға қайта түсіп, Қазақстан атынан шыққан кандидат Серік Қонақбаевтан басым дауыс жинады да, АІВА басшылығына қайта отырды. Осыдан кейін ХОК пен АІВА арасындағы шиеленіс қайта өршіп кетті. Бірақ, Томас Бахтың айтуынша, әуесқой бокстағы былықтар спортшыларға кесірін тигізбеуі керек.

– Біз кейбір шенеуніктердің кесірінен боксшылардың зардап шеккенін қаламаймыз. Спортшыларды жазалау туралы ойымыз. Сондықтан, қандай жағдайда болмасын, боксшылар Олимпиада ойындарына қатысулары тиіс, – деді Томас Бах.

Шетелдік ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Токио Олимпиадасына іріктеу турнирлері WBC және WBA аясында өтуі тиіс. Ал ХОК Дүниеүзілік әуесқой бокс қауымдастығын лицензиядан айыру мәселесін қарастыруда.

Текст: Sadvakas Maikibayev