Жәнібек Әлімханұлы АҚШ-тағы дебютін сәтті өткізді

2018 ж. 29 қыркүйек
Жәнібек Әлімханұлы АҚШ-тағы дебютін сәтті өткізді

Биыл ғана кәсіпқой боксқа ауысқан жерлесіміз Жәнібек Әлімханұлы АҚШ-тағы алғашқы айқасын өткізді. Алты раундқа жоспарланған жекпе-жекте Жони төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.

Жекпе-жекті телеарналардан да, ғаламтордан да тамашалауға мүмкіндік болмағандықтан төрешілердің шешімдеріне ғана сүйенелік. Қапталдағы қазылардың үшеуі де 60:54 есебін көрсетіпті. Демек, жерлесіміз өзінің қарсыласынан айқын басым болған. Нокаут, нокдаун болмағанымен барлық раундты өз еншісіне жазыпты.

Ал қарсыласы кім? Оған аса тереңірек тоқталудың қажеті жоқ шығар. Кез келген перспективті боксшының карьерасында мұндай қарсыластардың кездесуі заңдылық. Әсіресе карьерасының бастапқы кезеңдерінде. Колумбиялық Карлос Галван соққысы өте жойқын болғанымен кейінгі кездері «Джорнименге» айналған боксшылардың бірі. Жәнібекке қарсы 25 жекпе-жегін өткізген. Соның сегізінде жеңіліп қалыпты. Біреуінде тең түскен. Ал жеңіспен аяқтаған 16 кездесуінің 15-ін нокаутпен аяқтаған. Соңғы жекпе-жегінде Головкиннің экс-қарсыласы Вилли Монромен кездескен.

Екеуінің жекпе-жегі жайлы айқасты аренадан тамашалаған америкалық журналист Генри Уэйд Жәнібек Әлімханұлына былай деп баға беріпті.

– Қазақстандықтың рефлексі жақсы екен. Реакциясы да мықты. Аяқпен жақсы жұмыс жасап, қарқынды дұрыс артыра біледі және жылдамдығын жақсы бақылай алады. Дегенмен, алда оны әлі талай жұмыс күтіп тұр. Оған бір мезетте бірнеше соққы жасауды және сериялық шабуылдар ұйымдастыруды үйрену керек, – деді Генри Уэйд.

Енді Жәнібек Әлімханұлы келесі кездесуін 3 қарашада америкалық Александр Вонға қарсы өткізеді. Бұл енді Галванға қарағанда қарымдырақ қарсылас. Соққысы да жойқын. Шаршы алаңда 13 айқас өткізген 32 жасар боксшы соңғы кездесуінде ғана жеңілген. Оған дейінгі барлық жекпе-жектерінде жеңіске жеткен, соның сегізінде нокаутпен ұтқан.

Естеріңізге сала кетейік, кәсіпқой боксқа биыл ғана түбегейлі ауысқан Жәнібек Әлімханұлы АҚШ-қа аттанып, Боб Арум басқаратын әйгілі  промоутерлік компаниясымен келісімшартқа отырған.

Текст: Sadvakas Maikibayev