Клементе Руссо бесінші рет Олимпиада ойындарына бара ала ма?

2020 ж. 15 наурыз
Клементе Руссо бесінші рет Олимпиада ойындарына бара ала ма?

Италия боксшысы Клементе Руссо бесінші рет Олимпиада ойындарына қатысқысы келіп, Лондондағы Еуропа елдерінің лицензиялық турниріне тіркеліпті. Бірақ кеше түнде рингке шықпай, іріктеу додасынан тыс қалды. Негізі, ол бірінші айналымда Британия боксшысы Фрейзер Кларкпен жұдырықтасуы керек болған.

Бірақ Клементе Руссо Лондон шаршы алаңына шықпай, қарсыласы келесі кезеңге өткен. Шетелдік басылымдар таратқан ақпаратқа сенсек, оның жаттықтырушысы Клементенің денсаулығы сыр беріп, іші ауырып қалғанын көлденең тартқан. Сөйтіп, 27 шілде күні 38-ге толатын боксшы Токио Олимпиадасының лицензиясынан үмітін үзіп, үйіне қайтқан.

Енді оның мамыр айында Парижде өтетін, «Токиоға барар жол» деп аталатын бүкіләлемдік іріктеу турниріне барар-бармасы белгісіз. Жалпы, Токио Олимпиадасына 18-40 жас аралығындағы боксшылар қатыса алады. Ендеше. Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері, екі дүркін әлем чемпионы Клементе Руссоның Жапонияға барып, бақ сынауына болады.

Клементе Руссо 2004 жылғы Олимпиада ойындарында 81 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен. Бірақ 1/16-финалында Американың болашақ жарық жұлдызы Андре Уордтан ұтылып қалып (9:17), үйіне тым ерте қайтқан болатын.

2008 жылғы Олимпиада ойындарында әуелі беларус Виктор Зуевті (7:1), одан кейін украин Олександр Усикті (7:4), жартылай финалда Американың қазіргі жұлдыздарының бірі Деонтей Уайлдерді (7:1) ұтып, финалда ресейлік Рахим Чакхиевке есе жіберіп алған (2:4). Күміс медаль!

2012 жылы Лондон төрінде Ангола боксшысы Тумба Сильва рингке шықпай, бірден ширек финалға шықты. Шектен тыс тартысты жекпе-жекте Куба қабыланы Хосе Лардуэтті ұтып (12:10), жартылай финалда қазақтың жиені, әзербайжан Теймур Мамедовті де ұпай санымен ұтқан (15:13). Ал финалда украин Олександр Усиктен ұтылып қалған (11:14). Тағы да күміс!

2016 жылы Рио Олимпиадасын да жеңіспен бастаған. 1/8-финалында Тунис тарланы Хассен Шактамиден төрешілердің бірауызды шешімімен басым түскен болатын (3:0). Бірақ ширек финалда Ресей боксшысы, финалда дау-дамаймен жеңіске жеткен Евгений Тищенкоға жол беріп алған болатын (0:3).

Енді, Токио Олимпиадасына бара алар ма екен?