Оскар Канелоға үш қарсылас тауып берді, арасында Головкин жоқ

2018 ж. 25 қазан
Оскар Канелоға үш қарсылас тауып берді, арасында Головкин жоқ

Голден Бой» промоутерлік орталығының басшысы Оскар Де Ла Хойя өзінің басты шәкірті Сауль Альварестің алдағы жоспарларымен таныстырды. Дегенмен, арасында Геннадий Головкиннің есімі жоқ.

Вoxingscene.com сайтына берген сұхбатында Оскар Де Ла Хойя 15 желтоқсанда супер орта салмақ дәрежесінде Рокки Филдингпен кездесіп, WBA regular чемпиондық белбеуін сарапқа салатын Сауль Альварес одан кейін шаршы алаңға 2019 жылдың көктемінде шығады. Дегенмен, көктемгі потенциалды қарсыластарының арасында Геннадий Головкин жоқ.

Оскардың айтуынша, келесі жылдың көктемінде Канело Дэниел Джейкобс, Джермалл Чарло немесе Каллум Смит болуы мүмкін.

Джейкобс осы жексенбіде Сергей Деревьянченкомен жұдырықтасады. IBF чемпиондық белбеуі сарапқа салынатын айқаста украиналықты жеңер болса, Дэни шынымен де Альварестің қарсыласы болуы ғажап емес. Мұндай жағдайда жанкүйерлердің өзі екеуінің шаршы алаңға шығуларын талап етеді.

Дүниежүзілік бокс супер сериясының бірінші маусымында жеңімпаз атанған Каллум Смиттің еншісінде қазір WBA Super чемпиондық белбеуі бар. Рокки Филдингті жеңер болса, автоматты түрде британиялықтың міндетті қарсыласы болары анық. Бұл айқас та көпшілікке қызық.

Ал Джермалл Чарлоның жағдайын түсіне алар емеспіз. Дүниежүзілік бокс кеңесінің шешімі бойынша Чарло Геннадий Головкиннің келесі міндетті қарсыласы. Жерлесімізден аттап Альвареспен айқаса алмайды. Әлде, «Голден Бойға» мұндай ережелер еш әсер етпей ме?

Неліктен, көктемгі қарсыластарының арасында Головкиннің есімі жоқ? Сонда 2019 жылдың мамырында Канело – Головкин жекпе-жегін көрмейміз бе?

Текст: Sadvakas Maikibayev