Елшат Нығметолла: Дайындық ойдағыдай, Таиландтан жеңіспен оралуға тырысамын

1 ақпанда Таиланд астанасы Бангкокта өтетін бокс кешіне тіпті аз уақыт қалды. Бұл айтулы оқиға аясында Елшат Нығметолла (20-1-0, 7 КО) WBA Asia нұсқасы бойынша 53,5 келіге дейінгі жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеу үшін индонезиялық Фласидус Нуноға (10-1-2, 8 КО) қарсы жекпе-жек өткізеді. Осы орайда Ringkz.com порталы елордада жаттығып жүрген Елшаттың дайындығын тамашалап, кішігір сұхбат құрып қайтқан еді.
– Елшат, Таиландтағы жекпе-жекке дайындық қалай жүріп жатыр?
– Қазіргі таңда дайындық өте жақсы жүріп жатыр. Физикалық жаттығулардан бастап, техникалық элементтерге дейін толық назар аударудамыз. Таиландқа барар алдында өзімді барынша шынықтырып, формаға келу – басты мақсат. Бұл менің мансабымдағы маңызды жекпе-жектердің бірі болғандықтан, еш нәрсені назардан тыс қалдырмауға тырысамын. Қарсыласымның деңгейі жоғары болғандықтан, әрбір күнді тиімді пайдаланып жатырмын. Өзімнің жаттығу бағдарламама сенемін, алдағы нәтиже соған байланысты болмақ.
– Дайындықты қашан бастадың? Неге жаттығу Астанада өтіп жатыр?
– Дайындықты бастағаныма 2 айдай уақыт болды. Ең бастысы ешқандай жарақат жоқ. Сондықтан барынша еңбек етіп жатырмыз. Денсаулық жағынан да ешқандай мәселе жоқ. Қазір ақырындап салмақ қууды бастадым, ол да рет-ретімен келе жатыр. Irfin Promotions промоутерлік компаниясымен жұмыс басталғалы бері барлық жекпе-жекке дайындықты осы елордамызда өткіземін.
– Жаттықтырушың кім? Жекпе-жекке кімнің қол астында дайындалып жатырсың?
– Астанада маған қажетті кәсіби спарринг-серіктестер мен жаттықтырушылардың барлығы бар екенін айттым. Сондай-ақ жаттықтырушыны да өзім таңдадым. Әрине, басқа қалаларда да жақсы залдар бар, бірақ мұнда жұмыс істеу мен үшін тиімдірек. Мысалы қазір Рио-де-Жанейродағы 2016 жылғы Олимпиаданың алтын жүлдегері Данияр Елеусіновтің ағасы Дәурен Елеусіновпен жұмыс істеп жатырмын. Бір ерекшелігі бұл кісі АҚШ көрген, сол жақтың залдарында жаттығып, бокстасты. Енді сол тәжірибесін маған үйретіп, көрсетіп жатыр. Өзім бокста жүргеніме 15 жыл болса да, жаңа әрі ерекше нәрселер үйреніп жатырмын. Ол кісі бұған дейін де көмектесті. Нәтижесін көрдіңізде, жеңіске жетіп, енді титулға шығып отырмын. Сондықтан осы жолы да бәрі жақсы болады деп сенемін.
– Ал спаррингтер қалай болып жатыр?
– Иә, қазір деңгейі жоғары бірнеше боксшымен спарринг өткізіп жүрмін. Осы уақытқа дейін 30 раунд спаринг өткізіп үлгердік. Бұл менің дайындығым үшін өте маңызды, себебі олар маған әртүрлі стильдерді үйренуге мүмкіндік береді. Әр қарсылас өзінің ерекше әдіс-тәсілдерін көрсетеді, ал бұл өзімді жетілдіруге көмектеседі. Спарринг барысында физикалық дайындықтан бөлек, тактикалық ойлау қабілетімді де дамытып жатырмын. Бұл тәжірибе жекпе-жек кезінде үлкен пайдасын тигізеді деп ойлаймын. Енді мұндай ауыр дайындық аяқталып, енді салмақ қуу, жалпы жаттығуларға көштік.
– Ал қарсыласыңды зерттеп көрдің бе? Оның тактикасы туралы не айтасың?
– Иә, қарсыласымды мұқият зерттеп шықтым. Ол – өте тәжірибелі әрі мықты боксшы, оның бірнеше ерекше тактикалық әдістері бар. Қарсыластың бұрынғы жекпе-жектерін қарап, оның күшті және әлсіз тұстарын анықтауға тырыстым. Қолы ұзын, соққысы ауыр сияқты. Сол себепті дайындық барысында осы зерттеулерді ескеріп, өзімнің стратегиямды жетілдірудемін.
– Irfin Promotions компаниясы жағынан қолдау қалай болып жатыр?
– Irfin Promotions маған барлық жағынан қолдау көрсетуде. Жекпе-жекке қатысты ұйымдастыру мәселелерімен де айналысып, үшінші жекпе-жек беріп жатыр. Мен бұған тек қуанамын. Сондықтан бар назарым тек жаттығуда, сол үшін нәтижеге көңіл бөлуге жағдайым бар. Еш жерде алаңдамай, жаттығып жатырмын, енді тек шаршы алаңда жеңу қалды (күледі).
– Қорытындылай келе, жанкүйерлеріңізге қандай тілек айтасың?
– Жанкүйерлеріме әрдайым қолдау көрсеткендеріңіз үшін алғысым шексіз. Сіздердің сенімдеріңіз маған мотивация береді және мені алға жетелейді. Әр жекпе-жекке шыққанда, сіздердің сенімдеріңізді ақтау үшін барымды саламын. Таиландтағы жекпе-жек те сіздердің үміттеріңізді ақтайды деп сенемін. Барлығыңызға денсаулық пен табыс тілеймін, бірге үлкен жетістіктерге жетеміз!
– Біз де сәттілік тілейміз, Қазақстанға жеңіспен оралыңдар!
Туған күнінде де жаттығу залынан табылған Елшат Нығметолланың елордадағы дайындығы туралы фоторепортажды да тамашалаңыздар.