Давидтердің жекпе-жегінде Бенавидестің мерейі үстем болды

2025 ж. 2 ақпан
Давидтердің жекпе-жегінде Бенавидестің мерейі үстем болды

Кәсіпқой бокс жанкүйерлері тағатсыздана күткен тағы бір тарихи жекпе-жек АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтті. Шаршы алаңда жартылай ауыр салмақтағы америкалық Давид Бенавидес (30-0, 24 KO) кубалық Давид Моррелл (11-1, 9 KO) жұдырықтасып, Давидтердің айқасында өзінің мықтылығын көрсете алды. Сөйтіп кәсіпқой бокстағы өзінің 30-шы жеңісіне қол жеткізсе, Моррелл алғаш рет жеңілістің кермек дәмін татты.

Қазақстандықтарды бей-жай қалдырмаған жекпе-жек

Америкалық және кубалық Давидтер арасындағы тартысты айқас қазақстандық бокс жанкүйерлерінің үлкен қызығушылығын тудырғаны анық. Өйткені Бенавидес бір жылдары даңқты жерлесіміз, орта салмақтың үш тұжырымы бойынша әлем чемпионы болған Геннадий Головкиннің спарринг қарсыласы атанып, отандасымыздың рингте сәтті өнер көрсетуіне өз септігін тигізген болатын.

Ал кубалық Давид Моррелл 2022 жылы жерлесіміз Айдос Ербосынұлымен жұдырықтасып, отандасымызды нокаутқа жіберген еді. Сондай-ақ Моррелл 2016 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 81 келі салмақта бақ сынап, жартылай финалда 2019 жылы ересектер арасындағы әлем чемпионы атанған Бекзат Нұрдәулетовты жарыс жолынан ығыстырған болатын.

Сондықтан да бұл жекпе-жекті отандық «Спорт+» телеарнасы жерлестерімізге тікелей эфирде ұсынды. Кәсіпқой бокс әлеміне танылып үлгерген екі боксшының да тәжірибесі мол және жігерлі екені белгілі болғандықтан, жанкүйерлер бұл кездесуге ерекше үміт артып, аса қызығушылықпен күтті.

Жекпе-жек қалай өтті?

Айқас басталғаннан-ақ Давид Бенавидес өзінің шеберлігін көрсетіп, қарсыласына үстемдік орната бастады. Алғашқы раундтарда Моррелл рингтің ортасын Бенавидеске беріп қойғанымен, қарсыласынан қаймықпайтынын көрсетті дегенмен кубалық боксшы аяқпен жақсы жұмыс істей алатынын пайдалана алмады.

6-раунд Бенавидестің толық үстемдігімен өтті. Қарсыласына апперкот соққысын да, денеге бағытталған бірнеше жойқын соққысын дарыта алды. Ал Моррелл раунд бойы бір қателігін қайталай берді: қарсыласының соққысын тойтармақшы болып блок қойып, өзі бірде-бір мардымды соққы жасай алған жоқ. Осыдан кейін спорт кешеніне жиналған жанкүйерлер де Бенавидестің жеңісіне сеніммен қарай бастады. Тіпті Морреллдің бұрышы егер ары қарай да жекпе-жекті соққысыз жалғастыра берсе, айқасты мерзімінен бұрын тоқтатуға мәжбүр болатынын меңзеді.

Жекпе-жек соңына дейін Моррелл кездесу тағдырын өзгерте алмады. Нәтижесінде, Давид Бенавидес 12 раундтың қорытындысы бойынша төрешілердің шешімімен жеңіске жетті: 115-111, 115-111 және 118-109.

Соққылар статистикасы:

Бенавидес — 553 соққының 224-і дәл тиді.

Моррелл — 601 соққының 153-і дәл тиді.

Бұл статистика Бенавидестің айқастың басым бөлігінде өзін сенімді ұстап, қарсыласына көп соққы дарытуда алда болғанын көрсетеді.

Енді кіммен шығады?

Давид Бенавидес үшін алдағы айқастар өте маңызды болмақ. Біршама уақыт бойы Сауль Альваресті күткен ол мексикалықпен шығу үшін барлық күшін жұмсаған болатын. Бірақ Альвареспен кездесуді күте-күте шаршаған Бенавидес жартылай ауыр салмаққа ауысып, ендігі кезекте осы салмақтың үздіктерімен айқасуды жоспарлап отыр. Америкалық боксшы Артур Бетербиев пен Дмитрий Бивол арасындағы жекпе-жектің жеңімпазымен кездесуге ниетті. Бетербиев пен Биволдің қарымта айқасы 22 ақпанда Сауд Арабиясында өтеді.

Текст: Admin Admin