​Армат Арманұлы: Таиландта баршаны таң қалдыруға тырысамын

2025 ж. 27 қаңтар
​Армат Арманұлы: Таиландта баршаны таң қалдыруға тырысамын

1 ақпан күні Таиланд астанасы – Бангкокта жергілікті TL Boxing Promotion және қазақстандық Irfin Promotions промоутерлік компанияларының бірлесе ұйымдастыруымен үлкен кәсіпқой бокс кеші өтеді.

Бангкоктағы боксшылар бәсекесінде Irfin Promotions-пен жұмыс істейтін отандық төрт боксшы шаршы алаңға шығады. Соның бірі – орта салмақта (72,6 келіге дейін) өнер көрсететін боксшы Армат Арманұлы. Армат былтыр 21 қыркүйекте Алматыда өткен бокс кешінде кәсіпқой бокстағы алғашқы жеңісіне қол жеткізген жерлесіміз өзінің мықтылығын кезекті рет дәлелдеуге ниетті.

Таиландтағы бокс кеші алдында Арматпен аз-кем тілдесіп, дайындығы туралы сұраған едік.

– Жекпе-жекке дайындық өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Жаттығудың соңғы кезеңіне де таяп қалдық. Барлығын жоспар бойынша жасап, спорттық бабыма толық ендім деп айтсам да болады. Қазір тек салмақ бойынша және жылдамдыққа жұмыс істеп жатырмыз. Шетелдегі алғашқы кездесуім болғандықтан, бұл жекпе-жекке ерекше дайындалып жатырмын. Әр басатын қадамымызды, әр жасайтын соққымызды ойланып, әуелден жоспарлап жатырмыз. Жанкүйерлерді жеңіспен қуантамыз деген ойдамын.

– Пәкістандық қарсыласың Хабиб Ур Рехманды (6-1, 5 КО) зерттеп үлгердің бе? Оның қандай артықшылықтары мен әлсіз тұстары бар деп ойлайсың?

– Әрине, бапкеріммен қарсыласымды жан-жақты зерттеп, осал тұстарын табуға тырыстық. Оның қай тұсы әлсіз екенін айтпай-ақ қойайын, бәріне жекпе-жек барысында куә боласыздар деп ойлаймын.

– Ур Рехманның рейтингі, кәсіпқой бокстағы тәжірибесі мен рекорды сенен жоғары. Небәрі үшінші айқасыңда осындай мықты қарсыласқа қарсы жұдырықтасу қиынға соқпай ма?

– Қорқатын ештеңесі жоқ. Қайта, кәсіпқой рингте азғантай болсын тәжірибесі бар мұндай деңгейдегі қарсыластармен жұдырықтасу маған көп көмегін тигізеді. Сондықтан қарсыластан қорқатын, қаймығатын дәнеңе де жоқ. Өзіңіз білесіз ғой, кезінде ата-бабамыз ешқандай жаудан қорықпаған, қаймықпаған. Өйткені біз – қазақпыз. Ал қазақтар ешкімнен қорықпайтынын жарты әлем жақсы біледі деп ойлаймын.

– Жаттығу кезінде кімдермен спарринг өткіздің? Дайындық кезеңінде саған кімдер көмектесіп жатыр?

– Бұл жолғы жаттығуыма көп адамдар көмектесті. Спарринг кезінде де ешкім өтінішімді жерге қалдырған жоқ. Алматыдағы спорт мектептерінде оқып жатқан жігіттер біразы көмек қолын созды. Сондай-ақ әуесқой бокста Қазақстан чемпионы атанып, бүгінде кәсіпқой жақсы нәтиже көрсетіп келе жатқан Сапарбай Айдаров ағамызбен спарринг жасадым. Өзіме қажетті біраз құнды тәжірибе алдым. Сапарбай ағамызға осы жолы айрықша алғысымды білдіргім келеді.

– Шетелде алғаш рет жұдырықтасқалы отырсың. Бұл саған қандай жаңа мүмкіндіктер мен қиындықтар әкелуі мүмкін деп ойлайсың?

– Әрине, кәсіпқой бокста алғаш рет шетелде жұдырықтасайын деп жатырмын. Бірақ өздеріңіз білетіндей, мен мұның алдында әуесқой бокста да өнер көрсеткен болатынмын. Бірталай шет мемлекеттерде жұдырықтастық. Сондықтан шетелде жекпе-жек өткізу маған қиындық тудырмайды деп ойлаймын. Десе де кәсіпқой бокста өзге елде өтетін бірінші айқасым өзіме де қызық болып тұр. Барша қазақ елінен маған жанкүйер болуға және мені қолдауға шақырамын. Кәсіпқой боксты шоу деп жатады ғой, бұйырса сол шоуды көрсетемін деген ойдамын.

Текст: Аян Алмас