Орта салмақта енді кім үстемдік құрады?
Бұрын екі-ақ боксшының қолында болған орта салмақтағы чемпиондық белбеулер кешегі жекпе-жектен кейін бытырап, бірнеше адамның қолына бөлініп кетті. Енді «миддлвейтте» кім үстемдік құрар екен?
Өткен айда Геннадий Головкинді жеңген Сауль Альварестің еншісінде WBC, WBA Suрer және The Ring чемпиондық белбеулері бар. Өткен аптада намибиялық Уолтер Каутондокваны құлатқан Деметриус Андраде WBO чемпиондық белбеуін жеңіп алды. Ал кеше украиналық Сергей Деревьянченкодан басым түскен Дэниел Джейкобс ІВҒ чемпионы атанды. Әзірге ІВО белбеуі ғана вакантты. Өйткені, екінші сұрыптағы тұжырым деп Канело бұл белбеуден бас тартқан. Сондай-ақ, орта салмақта тағы екі чемпион бар. Джермалл Чарло WBC уақытша чемпионы болса, қазанның ортасында жапон Риота Муратаны ұтқан Роб Брант WBA regular чемпиондық белбеуін қанжығасына байлады. Әлбетте, WBC interim және WBA regular чемпиондық атақтарын есепке алудың аса қажеті жоқ. Әйтсе де, орта салмақта жақын уақытта кімнің үстемдік құратыны біз үшін расымен де қызық.
Сауль Альварестен бастасақ. Мексикалық «сары бала» желтоқсанның ортасында екінші орта салмақта WBA regular чемпиондық атағына таласпақ. Одан кейін де сол салмақта қалып қоюы мүмкін.
Қыркүйекте Канелодан жеңіліп қалғанымен Геннадий Головкинді де қатардан сызып тастауға әлі ерте. Triple G кәсіпқой бокстағы соңғы сөзін әлі айтқан жоқ. Бір тынығып алғаннан кейін қайта оралары хақ. Алайда, еш чемпиондық атағы жоқ Головкинмен төбелесе қоюға қай ТОП боксшы келісер екен? Сауль Альварестің келесі жылғы жоспары мүлдем бөлек секілді. Кеше ғана ІВҒ-тің су жаңа чемпионы атанған Дэниел Джейкобс та Геннадийдің қызығы кеткенін айтып қалды. Деметриус Андраденің жерлесімізге қарсы шаршы алаңға шығуға батылы жете қояр ма екен? Неде болса, Головкинге орта салмақта қайта үстемдік құру үшін Канело, Андраде, Джейкобстарды жеңу қажет. Сондай-ақ, Сондерсті де ұмытпаған жөн.
Джейкобстың өзі ше? Дэни келесі кездесуінде Альвареспен төбелескісі келетінін жасырмайды. Бірақ Канелоның өзі мұндай жекпе-жекке келісе қоя ма? Ал Головкин, Альварестерді жеңбей, Дэниелді бәрібір ешкім мойындамайды.
Ағайынды Чарлолар ше? Джермалл WBC interim чемпионы болғанымен Дүниежүзілік бокс кеңесі міндеттеген қарсыласы Головкинмен жекпе-жекке шықпай отыр. Тіпті, «егер Головкин мен Канело үшінші жекпе-жек өткізер болса, мен күтуге дайынмын» деп те мәлімдеген. Бұл Джермаллдың әлі де мұндай боксшымен кездесуге дайын еместігін білдіретіндей. Джермелл де осы себептен орта салмаққа ауысқысы келмейтін секілді.
Деметриус Андраде де кәсіпқой бокста барлық қарсыластарын қоғадай жапырып келеді. 26 кездесуінің барлығында жеңіске жеткен және соның 16-сын ерте аяқтаған. Дегенмен, расын айту керек, Деметриус әлі ТОП боксшыға жолыққан жоқ. Кім біледі, егер Каутондокваның орнында Билли Джо Сондерстің өзі болғанда жекпе-жек мүлдем басқаша болуы да ғажап емес еді.
Ал Сондерстің өзі ше? Допинг дауына ұшыраған британиялық «Сығанның» нағыз қарымын өткен жылдың желтоқсанында Дэвид Лэмьемен болған жекпе-жекте ғана көрдік. Қалған айқастарда Билли соншалықты мықты болған жоқ. Крис Юбенкті ұтқанда да, Энди Лиді чемпиондықтан айырғанда да Сондерс антибокстың арқасында жеңіске жетіп жүрді. Осылайша ұзақ уақыт Головкин мен Канелодан қашып келген «Сыған» қалайша Эдди Хирннің тұзағына түсіп қалғанын сезбей қалды.
Бұлардан басқа кім бар? Сергей Деревьянченко әлі үлкен айқастарға дайын емес секілді. Бір жағынан жасы да өтіп барады. Роб Бранттың да ТОП боксшыға қарсы жекпе-жегін көрген жоқпыз. Алайда, екінші жартылай орта салмақта мексикалық Хайме Мунгуйя мен Жаретт Хард та жақын болашақта салмақ ауыстыруы ғажап емес. Сондықтан, орта салмақта әлі де тартысты айқастардың болатыны анық.
Осылардың ішінде кім үстемдік құруы мүмкін?