Елшат Нығметолла: Кездесудің алдында қарсыласымды қалпақпен ұрып аламын деп ойладым

2024 ж. 12 маусым
Елшат Нығметолла: Кездесудің алдында қарсыласымды қалпақпен ұрып аламын деп ойладым

Irfin Promotions промоутерлік компаниясы ұйымдастырған Шымкенттегі халықаралық кәсіпқой бокс кешінің басты жекпе-жектерінің бірінде өнер көрсеткен қазақстандық боксшы Елшат Нығметолла кәсіби бокстағы 19-жеңісіне қол жеткізді. Ол өзбекстандық Сарвар Усмановпен жұдырықтасып, қарсыласынан ұпай саны бойынша басым түскен еді

Жекпе-жектен кейін Елшат Нығметолла ringkz.com сайтына сұхбат беріп, өзінің жекпе-жегі туралы айтып берді.

– Елшат, жеңіс құтты болсын! Алдымен Шымкенттегі жекпе-жек туралы өз ойыңды айтып берсең? Өнерің көңіліңнен шықты ма?

– Құттықтауыңызға көп рахмет. Бұған дейінгі жекпе-жектеріммен салыстырғанда жақсы жұдырықтасып шыққан сияқтымын. Кездесудің алдында қарсыласымды қалпақпен ұрып аламын деп ойлағанмын. Бірақ өзбек боксшысы лайық қарсылық көрсете білді. Жекпе-жек өзім ойлағаннан ауырлау өтті.

– Алты раунд жұдырықтасу физикалық тұрғыда қиындық тудырған жоқ па?

– Жасырып қайтемін, соңғы раундтарда шаршап, болдырып қалдым. Оның да өз себептері бар. Мен негізі бұған дейін 51-52 келі салмақта жұдырықтасып жүргенмін. Тек осы жолғы жекпе-жекте 55 келі салмақта өнер көрсеттім. Сондай-ақ менде жекпе-жекке толық дайындалуға уақыт тапшы болды. Сондықтан аздап шаршап қалдым.

– Қарсыласың туралы не айтасың?

– Сарвар Усманов – Өзбекстандағы мықты боксшылардың бірі. Өзбекстан чемпионатының күміс жүлдегері, спорт шебері деген атағы бар. Осыдан-ақ оның қаншалықты мықты, тәжірибелі боксшы екенін бағамдай беруге болады. Алты раунд бойы маған лайық қарсылық көрсетіп, жақсы жұдырықтасып шықты.

– Сарвар Усманов өте жабық бокс көрсетті. Қорғанысын жарып өту қиын болған жоқ па?

– Шынымды айтсам, дайындық барысында қарсыласымның бірде-бір жекпе-жегін көрмеппін. Қалай жұдырықтасатынын да, оңқай ма, солақай ма – білген жоқпын. Шықтым да, жұдырықтастым. Менде шегінерге жол болған жоқ. Бірақ қорғанысы өте мықты боксшы екен.

– Ең кейінгі жекпе-жегіңді былтыр желтоқсан айында өткізіпсің. Ұзақ уақыттан кейін рингке шығу боксшыға қиындық тудырмай ма?

– Әрине, ұзақ уақыт үзіліс боксшыға кері әсерін тигізбей қоймайды. Жалпы, мүмкіндік болса, рейтингтік жекпе-жектерді әр 2-3 айда өткізіп тұрған жақсы ғой. Бұл менің Irfin Promotions промоутерлік компаниясындағы алғашқы жекпе-жегім. Жыл соңына дейін бірнеше кездесу өткіземін деген ойдамын. Алланың қалауымен Irfin Promotion-мен Қазақстанның көк туын әлемдік аренада биікке көтеремін.