Садриддин Ахмедов рингке жарқын жеңіспен оралды

2024 ж. 3 қыркүйек
Садриддин Ахмедов рингке жарқын жеңіспен оралды

Канададағы табысты жылдар

2016 жылы бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатында топ жарып, әлем назарын өзіне аудартқан Садриддин Ахмедов араға бір жыл салып кәсіпқой боксқа қадам басты. Жастайынан талай бокс мамандарының көзіне түсіп, бағасын алған отандасымыздың кәсіпқой бокстағы карьерасы өте сәтті басталды. 2018 жылы Геннадий Головкиннің канадалық экс-қарсыласы Давид Лемье жұмыс істеген Eye of the Tiger Management компаниясымен келісімшартқа отырды. Промоутері – Камиль Эстефан болды. Сонымен қатар аталған промоутерлік компанияда өзге де қазақстандық боксшылар жұдырықтасқан. Атап айтқанда, Батыр Жүкембаев, Абылайхан Құсайынов және Нұрзат Сабыров Канадада жекпе-жектер өткізді.

Садриддин Ахмедов Үйеңкі жапырақ елінде тез танымал бола бастады. Алайда 2020 жылғы пандемиядан кейін отандасымыздың ісі кері кетті. Ковидке байланысты жоспарланған жекпе-жектер кейінге шегерілді, Канадаға жұмыс визасын ала алмады және тағы да басқа себептерменбоксшының Eye of the Tiger Management компаниясымен келісімшартын бұзуға тура келді.

3 минуттық жекпе-жек

2022 жылдан бері тек бір ғана жекпе-жек өткізген отандасымыз жуырда АҚШ-тың Калифорния штатындағы Санта-Инес қаласында орналасқан Chumash Casino-да өткен Hollywood Fight Night бокс кешінде өнер көрсетіп, жергілікті боксшы Антонио Тодданы (17-10, 9 КО) бірінші раундта-ақ тізе бүктірді. Осылайша, жанкүйерлер қауымы екі жылға жуық тағатсыздана күткен Ахмедовтың жекпе-жегі небәрі екі минуттан аса уақытқа созылды.

Қазіргі таңда отандық боксшыға қарсыласы туралы көп сын айтылуда. Өйткені соңғы екі жекпе-жегінде де қарсыласы небәрі бір раундқа ғана шыдап бере алды. Әзірге бұл жағдайға боксшыны кінәлауға болмайды. Өйткені екі жылдық үзілістен кейін рингке оралу үшін Садриддин кез келген қарсыласпен де шығуға дайын еді. Бірақ кез келген боксшы біздің жерлесімізбен айқас өткізуге дайын емес. Сондықтан осындай қарсылас табылса да, жекпе-жектің өткеніне қуану керек. Алайда келесі кездесуін өзінен деңгейі жоғары боксшылармен өткізбесе, оны ешкім ақтай алмайды.

АҚШ-тағы алғашқы айқас

Садриддин Ахмедов карьерасындағы жекпе-жектерінің көп бөлігін Канадада өткізді. Сонымен қатар екі рет Қазақстанда, бір рет Мексикада шаршы алаңға көтерілді. Ал биыл кәсіпқой бокс Меккесі саналатын АҚШ-та алғаш рет өнер көрсетті. Бокс кеші қандай жағдайда өтсе де, жерлесіміз жанкүйерлерін жарқын жеңісімен қуантты.

Қорыта айтқанда, Садриддиннің рингке оралғаны бокс жанкүйерлері үшін қуанышты жаңалық. Алдағы уақытта осы қарқынынан таймай, тағы да бірталай бокс кештерінде бақ сынап, әлемдік рейтингтерде жоғары орындарға көтеріледі деп сенеміз. Қазіргі таңда қазақ боксшыларын, әсіресе, олар шетелде жұдырықтасып, өздерін дәлелдеуге тырысқан кезде қолдау өте маңызды.

Қыркүйек айында бокс жанкүйерлеріне ұсынар тарту тек бұл ғана емес. 21 қыркүйекте Алматыда Irfin Promotions компаниясының ұйымдастыруымен үлкен бокс кеші жоспарланған. Аталған кештің басты айқасында жартылай орта салмақтағы WBA Asia белдігі сарапқа салынады.