Әділет Құрметов: «Қарсыласты менсінбеуге болмайды»
21 қыркүйек күні Алматыда Irfin Promotions компаниясының ұйымдастыруымен кәсіпқой бокс кеші өтеді. Шоудың бағдарламасына 8 кездесу енген. Әр жекпе-жекте отандық боксшылар шетелдік қарсыласымен жұдырықтасады. Аталған бокс аламанында қазақстандық талантты боксшы, әуесқой бокста Қазақстан чемпионы, бірнеше халықаралық жарыстардың жеңімпазы мен жүлдегері атанған Әділет Құрметов те өнер көрсетеді.
Бокс кеші алдында Әділет ringkz.com сайтына сұхбат беріп, дайындығы, алдағы жоспарлары туралы айтып берді.
– Әділет, 21 қыркүйекте Алматыда өтетін бокс кешіне дайындық қалай жүріп жатыр?
– Аллаға шүкір, дайындық өте жақсы, жоспарға сай жоғары деңгейде өтіп жатыр. Әзірге жекпе-жекке Шымкент қаласында, жеке бапкерлерім – Мырзағали Айтжанов пен Олжас Оразалиевтің қол астында дайындалып жатырмын. Келесі аптада Алматы қаласына барып, оқу-жаттығу жиынын сол жақта жалғастырамын. Бұйырса, жанкүйерлерге жақсы жекпе-жек ұсынамын деген ойдамын.
– Осы бокс кешінде жұдырықтасатын қарсыласың туралы не айтасың? Зерттеп, аяқ алысын бағамдап көрдің бе?
– Әрине, есімі белгілі болған сәттен бастап бұрынғы жекпе-жектерін «Ютуб» желісінен қарап, бапкерлерімізбен сараптама жүргіздік. Осал қарсылас емес. Өзіне сай ерекшеліктері, стилі бар. Ал бірақ қарсыласымның аты-жөнін, өзін танымаймын, бұрын-соңды естімеген боксшым екен. Десе де, қарсыласты менсінбеу, оны бағаламау деген жоқ. Сондықтан әр қарсыласыма ерекше дайындаламын.
– Irfin Promotions ұсынысын қалай қабылдадың? Irfin туралы не айта аласың?
– Жасыратыны жоқ, Irfin Promotions ұсыныс білдіргенде қуанышты болдым. Сондықтан еш ойланбастан ұсынысын бірден қабылдап, жекпе-жекке шығуға келісім бердім. Себебі маусым айында Шымкент қаласында өткен компанияның алғашқы бокс шоуы өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған еді. Жекпе-жектер де, боксшылардың қарсыластары да мықты болды. Бұл – промоутерлік компанияның негізгі ұстанымдарының бірі екен. Яғни, боксшыларға әдеттегідей «қапшықтарды» емес, кәдімгі беделді қарсыластарды алып келеді. Сонымен қатар төрешілер де өте әділ жұмыс істегенін айтқым келеді.
– Әділет, бұрын әуесқой бокста жүрдің. Қазақстан чемпионы атанып, әлем чемпионатына қатыстың. Кәсіпқой боксқа қаншалықты бейімделіп үлгердің? Бірнеше раунд жұдырықтасуға физикалық дайындығың қалай?
– Кәсіпқой боксқа толық бейімделдім деп айта алмаймын. Бірақ бірте-бірте бой үйретіп келемін. Бүгінге дейін кәсіпқойда екі жекпе-жек өткіздім. Әлі де үйренетін тұстар бар. Физикалық тұрғыда да қиындықтарға тап келіп жатырмын. Десе де, бірте-бірте үйреніп, әр жекпе-жек сайын бой үйретіп келе жатырмын. Бұйырса, алдағы айқаста өзімді жақсы қырымнан көрсетемін деп ойлаймын.
– Алдағы жоспар қандай?
– Болашаққа қойған жоспарымыз, мақсатымыз көп. Бастысы – бір орында тұрып қалмау, өзімізді әрдайым дамытып отыру. Сондықтан өзімді кәсіпқой бокста да сынап көріп, жан-жақты боксшы екенімді көрсету үшін келдім. Ал ең негізгі жоспарым – 21 қыркүйекте Алматыда өтетін бокс кешінде жеңіске жету.
Айта кетейік, Әділет Құрметов (2-0) 21 қыркүйектегі бокс кешінде үндістандық Вишал Кумармен (3-1-1, 2 КО) жұдырықтасады.