Үш жылдан кейінгі comeback: Данияр Елеусінов рингке оралмақ

2024 ж. 27 тамыз
Үш жылдан кейінгі comeback: Данияр Елеусінов рингке оралмақ
Instagram.com/yeleussinovdaniyar

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов араға үш жыл салып шаршы алаңға қайта оралатын болды. Рио Олимпиадасының чемпионы 28 қыркүйекте Алматыда өтетін бокс кешінде өнер көрсетпек.

Түсініспеушіліктен туындаған ортақ келісім

Алматыдағы бокс кешін оның менеджері Зия Алиев ұйымдастырып жатыр. Бокс жанкүйерлерінің есінде болса Данияр осыдан бірер жыл бұрын ғана Алиев жұмыс істейтін Boxing Stars Management компаниясын сынға алып, олармен жұмыс істеуден бас тартқан еді. Тіпті Данияр Зия АлиевтіMatcroom Boxing промоутерлік компаниясы ұсынған келісімшартқа отыруға қарсы болды деп айтып, сотқа да берген болатын.

Бірақ тараптар биыл қаңтар айында ортақ ымыраға келіп, бірге қанаттаса жұмыс істеуге ниетті екендерін айтты. Осылайша, жартылай орта салмақтағы IBF Inter-Continental және IBO белбеулерінің экс иегері Данияр Елеусінов араға үш жылға жуық уақыт салып, рингке қайта оралмақ. Алматыдағы бокс кешінде Елеусіновпен бірге Жанқош Тұраров та сынға түседі. Әзірге боксшылардың қарсыластары туралы мәлімет жоқ.

Елеусінов – Энтони Джошуа, Келл Брук, Тони Белью, Дэниэл Джейкобстермен бір қатарда

Қазақстанда талантты кәсіпқой боксшылар өте көп. Бірақ олар мықты промоутерлік компаниялармен жұмыс істеуі үшін алдымен өздерін бірнеше шоуда дәлелдеп, жақсы-жақсы жекпе-жектер өткізуге тиіс. Сонда ғана промоутерлердің көзіне түсесің. Ал Данияр Елеусінов кәсіпқой бокста бірде-бір кездесу өткізбей-ақ әйгілі британиялық промоутер Эдди Хирннің көзіне түсті. Тіпті, Қазақстан кәсіпқой бокс тарихында алғаш рет даңқты промоутер Қазақстанға келіп, Даниярмен арнайы келісімшартқа отырды.

Сөйтіп 2018 жылдың 5-ші наурызында Елеусінов британдық Matchroom Boxing промоутерлік компаниясымен үш жылдық келісімшартқа қол қойды. Аталған компанияның құрамында әлемнің әр қиырындағы 50-ден аса кәсіпқой боксшы бар. Олардың жұмысымен Эдди Хирннің өзі айналысады. Данияр жартылай орта салмақ дәрежесінде (66,7 кг) жұдырықтасады.

Кәсіпқой бокстағы алғашқы қадамдар

Данияр 2018 жылы кәсіпқой бокста алғашқы қадамдарын жасап, дебют жекпе-жегін сол жылдың 28 сәуірінде Дэниел Джейкобс пен поляк Мачея Сулецкидің бокс кешінде өткізді. 22 жастағы афроамерикалық Ноа Киддпен (3-0-1, 2 КО) жұдырықтасқан Данияр қарсыласын 3-раундта нокаутпен жеңіп, карьерасын сәтті бастады. Бұл алғашқы жеңісі оның кәсіпқой мансабындағы маңызды оқиға болды, әрі оның бокстағы қабілетін көрсетті. Жыл соңына дейін ол тағы төрт кездесу өткізіп, барлық айқасын жеңіспен аяқтады. Ал 2019 жылы тағы да төрт мәрте рингке көтеріліп, әлемдік рейтингтегі жағдайын біршама жақсартып алды.

Бірінші титулдар мен үлкен жеңістер

Данияр 2020 жылы бір жылдай жекпе-жекке шықпай, карьерасында үзіліс болды. Алайда жыл соңында әйгілі намибиялық боксшы, бірінші жартылай орта салмақтағы WBA (2017), IBF (2016-2017) және IBO (2016-2017) экс-әлем чемпионы Джулиус Индонгомен жұдырықтасып, IBF Inter-Continental белдігін иеленді. Голливудтағы кәсіпқой бокс кешінің андеркартында жұдырықтасқан отандасымыз 10 раундқа жоспарланған айқасты мерзімінен бұрын аяқтап, Индонгоны екінші раундта-ақ техникалық нокаутпен тізе бүктірген еді.

Ал 2021 жылдың желтоқсанында Данияр Елеусінов (11-0, 6 КО) елордада аргентиналық Хуан Эрнан Леальді (15-2, 4 КО) жеңіп, өз есімін отандық бокс тарихына енгізді. Жекпе-жек 12 раундқа жалғасып, Елеусінов төрешілердің шешімімен жеңіске жетіп, жартылай орта салмақта IBO-ның вакантты белдігін иеленді. Осылайша Данияр кәсіпқой бокста әлем чемпионы титулын жеңіп алған қазақстандық 5-ші боксшы атанды. Бұған дейін Қазақстан боксшылары арасынан әлем чемпионы атанғандар: Василий Жиров (38-3-1, 22 КО), Геннадий Головкин (41-1-1, 36 КО), Жанат Жақиянов (27-2, 18 КО) және Бейбіт Шүменов (18-2, 12 КО).

Данияр Елеусінов – Джо Нойна: Болашақ жоспарлар

Данияр 28 қыркүйекте Алматыда өтетін бокс кешінде шаршы алаңға шығады. Карьерасында түрлі қиындықтар, үзіліс болса да, ол осы уақытқа дейін жаттығуын қарқынды түрде жалғастырып, жаңа жетістіктерге жетуге дайындалды.

Аталған бокс кешінің басты жекпе-жегінде Данияр Елеусінов филиппиндік Джо Нойнаймен (23-4-2, 11 КО) жұдырықтасатын болды. 27 жастағы Нойнай 2013 жылдан бері кәсіпқой бокста жұдырықтасып келеді. Бүгінге дейін ол 29 жекпе-жек өткізіп, 23 кездесуінде жеңіске жетті. Соның 11-ін мерзімінен бұрын аяқтаған. Төрт рет жеңіліп, екі рет тең түскен.

Джо Нойнай алғашқы 15 айқасын өз елінде өткізсе, кейінгі кездесулерін Жапония, Аустралия, Қытайда өткізген. Қазақстан – оның шетелде жұдырықтасатын төртінші елі.

Ал Джо Нойнай биылғы жылдың мамыр айында жекпе-жекке шығып, жапон боксшысы Дзин Сасакиден (17-1-1, 16 КО) бесінші раундта техникалық нокаутпен жеңілген.