Алматыда WBA Asia титулы сарапқа салынады: Бокс ұйымы ресми мәлімдеме жасады
WBA Asia boxing Association Instagram парақшасында Алматыда таиландтық Киттисак Клинсон (8-1, 5 КО) мен қазақстандық танымал кәсіпқой боксшы Руслан Мәдиев (15-2, 6 КО) арасындағы титулды жекпе-жек туралы постер мен ақпарат жариялады.
Бұл жекпе-жек 21 қыркүйекте Алматыда өтетін бокс кешінің басты оқиғасы болмақ. Іс-шараны қазақстандық Irfin Promotions промоутерлік компаниясы ұйымдастырады.
«WBA Asia Қазақстанға оралады! Руслан Мәдиев (Қазақстан, 15 (6 KO)-2(0)-0) Киттисак Клинсонмен (Таиланд, 8 (5KO)-1(1)-0) жартылай орта салмақтағы WBA Азия чемпионы атағы үшін жекпе-жек өткізеді. Клинсон 4 мамырда Қытайда өткен бокс кешінде аталған титулды жеңіп алған еді. Енді ол бұл белбеуін Алматыда танымал боксшы Руслан Мәдиевке қарсы алғаш рет қорғамақ. Біз екі боксшы арасындағы жекпе-жек өте тартысты болады деп сенеміз. Айта кетейік, біз Irfin Promotions және жергілікті комиссиямен Алматыдағы бокс кешінің бағдарламасын талқылаймыз. Қазақстанға оралдық және WBA Asia осы маңызды бокс кешін қолдайды», деп жазылған WBA Asia Instagram парақшасындағы хабарламада.
Қазақстанда ұзақ үзілістен соң WBA Asia титулы үшін жекпе-жек өткізілмек. Мұндай серіктестік қатынастарды жаңартуға Irfin Promotions промоутерлік компаниясы бастамашы болғанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ осы жылдың тамыз айында Вьетнамда өткен WBA Азия конвенциясында Қазақстаннан жалғыз Irfin Promotions компаниясының өкілі қатысқан еді.
RingKZ бұған дейін хабарлағандай, Irfin Promotions промоутерлік компаниясы Қазақстанда WBA Asia титулы үшін жекпе-жек өткізуге ресми мақұлдауды бокс кешіне дейін екі ай бұрын, яғни 18 шілде күні алған болатын. Ресми хатта 21 қыркүйекте Алматыда Киттисак Клинсон мен үміткер Руслан Мәдиев арасында өтетін жекпе-жекке келісім берілген.