Irfin Promotions ұйымдастыратын бокс кешін Qazsport көрсетеді

2024 ж. 25 тамыз
Irfin Promotions ұйымдастыратын бокс кешін Qazsport көрсетеді

22 тамызда Астанада Qazsport республикалық телеарнасының директоры Нағи Бақытбеков пен отандық Irfin Promotions промоутерлік компаниясының негізін қалаушы Аманат Қонақбаев және атқарушы директоры Бақдәулет Төреханов кездесті.

Жұлдыздар шеруі

Кейінгі жылдары Qazsport телеарнасы көрермендеріне әлемдік деңгейдегі бокс кештерін тікелей эфирде ұсынып, бокс жанкүйерлерінің ықыласына бөленіп келеді.

Кәсіпқой бокс әлеміндегі ең айтулы оқиғаларды тікелей эфирде көрсету дәстүрі қолдауға тұрарлық дүние. Мәселен, кейінгі екі жылда Qazsport телеарнасы америкалық жұлдыздар – Теренс Кроуфорд, Джервонта Дэвис және Шакур Стивенсон, ресейлік Артур Бетербиев, украиналық Василий Ломаченко, жапониялық Наоя Иноуэ және басқа да танымал боксшылардың жекпе-жектерін көрермендерге тікелей эфирде ұсынды. Сондай-ақ орта салмақ дәрежесіндегі IBF және WBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының да жекпе-жектерін көрсетіп келеді.

Irfin Promotions жоспары – 2025 жылы 6 бокс кешін өткізу!

Irfin Promotions қазақстандық боксшыларды жоғары деңгейге көтеру және оларды әлемге таныту үшін жұмыс істейді. Бұл мақсат танымал кәсіпқой боксшыларға да, кәсіпқой рингте алғашқы қадамдарын жасап жатқан әлеуетті әуесқой боксшыларға да қатысты.

Сонымен қатар Irfin Promotions Қазақстанда тұрақты түрде кәсіпқой бокс жекпе-жектерін өткізуді жоспарлап отыр. 21 қыркүйекте өтетін кеш – компанияның кейінгі үш жарым айдағы екінші бокс кеші. Жыл соңына дейін тағы бір кеш өткізу жоспарланған. 2025 жылы компания Қазақстанның әр өңірінде 6 (!) бокс кешін өткізуді көздеп отыр!

Рингке кімдер шығады?

21 қыркүйекте Алматыда өтетін бокс кешінің бағдарламасына 8 жекпе-жек енген. Әр жекпе-жекте отандық боксшылар шетелдік қарсыласымен жұдырықтасады.

Бірінші бөлімде Irfin Promotions 8-маусымда Шымкентте өткен кеште мамандардың назарын аудартқан қазақстандық боксшылар мен әуесқой бокста өз мықтылығын дәлелдеген танымал былғары қолғап шеберлері өнер көрсетеді.

Негізгі жекпе-жектер

Кештің ең маңызды жекпе-жегі жартылай орта салмақта (66,7 кг) WBA Asia нұсқасы бойынша чемпиондық белбеу иегері, таиландтық Киттисака Клингсон (8-1, 5 КО) мен қазақстандық танымал кәсіпқой боксшысы Руслан Мәдиев (15-2, 6 КО) арасында өтеді. Жекпе-жек 10 раундқа жоспарланған. Руслан Америкада Геннадий Головкиннің бокс кештерінде өнер көрсетіп, кейіннен әлемдегі ең ірі және атақты GoldenBoyPromotions промоутерлік компаниясымен келісімшартқа отырған.

Тағы бір отандық тәжірибелі боксшы Елшат Нығметолла (19-0-1, 16 КО) 21 қыркүйектегі бокс кешінің екінші негізгі жекпе-жегінде жұдырықтасады. Ол екі дүркін Олимпиада чемпионы өзбекстандық Хасанбой Дусматов пен IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы Сивенати Нонтшингидің (ОАР) (13-1, 10 КО) бұрынғы қарсыласы – танзаниялық Мухсин Кизотаға (20-5, 12 КО) қарсы рингке шығады. Нығметолла мен Кизота арасындағы жекпе-жек 53,5 кг салмақта өтеді және 8 раундтан тұрады.

Сенім

21 қыркүйекте Алматыдағы бокс кешінің барлық жекпе-жегін Qazsport тікелей эфирде көрсетеді, әрі келесі күні қайталауын ұсынады.

– Телеарна басшысы Нағи Бақытбековпен кездесу өте жемісті болды. Qazsport-қа бокс кешін насихаттауға көмек көрсетуге дайын екені үшін алғыс білдіреміз. Irfin Promotions үшін бұл ынтымақтастық өте маңызды. Республикалық арнада тікелей эфирде көрсету – серіктес ретінде бізге деген сенімінің айғағы. Irfin Promotions өз іс-шараларын әлемдегі үздік промоутерлік компаниялар деңгейінде ұйымдастыруға ұмтылады, - деп атап өтті Irfin Promotions промоутерлік компаниясының атқарушы директоры Бақдәулет Төреханов RingKZ порталына берген пікірінде