Terence Crawford VS Jose Benavidez jr – Қателікті кешірмейтін жекпе-жек

2018 ж. 13 қазан
Terence Crawford VS Jose Benavidez jr – Қателікті кешірмейтін жекпе-жек

Ертең АҚШ-тың Омаха қаласында Р4Р королі Теренс Кроуфорд жартылай орта салмақ дәрежесіндегі WBO чемпиондық атағын қорғайды. Кім жеңеді екен? Қазақстандық сарапшылардың ойы қандай?

Біріншіден, екеуі де әлі күнге жеңілістің кермек дәмін татпаған. Қарсыластарын қоғадай жапырып келе жатқан боксшылар. Кәсіпқой бокста 2008 жылдан бері жүрген Теренс 33 жеңісінің 24-ін нокаутпен аяқтаған. Ал 26 жастағы Хосе Бенавидес 27 жеңісінің 18-інде қарсыласын нокаутпен ұтыпты.

Әлбетте, көпшіліктің фавориті – Кроуфорд. Дегенмен, Бенавидес те өзін мықтымын деп есептейді. Өзінің әр сұхбатында Теренстің намысына тиетін сөздер айтып жүр. Тіпті, Кроуфордтың «сен көп үресің, бірақ қаппайсың» деп итке теңегеніне де жауабы дайын болып шықты.

– Сенбі күні жаңа чемпион көресіздер. Менің қаншалықты қатты тістей алатынымды білетін болады. Көп сөйлегім келмейді. Бәрін де шаршы алаңда дәлелдеймін. Неліктен одан бәрінің қорқатынын білмеймін. Мен оны соққының астына аламын, – деді Бенавидес.

Бүгін Омахада боксшылардың салмақ өлшеу рәсімі өтіп, екеуі төбелесіп қала да жаздады. Бәрін бастаған Бенавидес. Суретке түсу сәтінде қарсыласының кеудесінен итеріп жіберген. Кроуфорд та шапалақ тартып үлгерді. Егер күзетшілер дер кезінде арашалап үлгермегенде шаршы алаңға жетпей-ақ жеңімпаздың анықталып қоюы мүмкін еді.

Ал қазақстандық мамандан бұл жекпе-жек жайлы не дейді?

– Екі боксшы да мықты. Бірақ, меніңше, Кроуфорд жеңіске жетуі тиіс. Ол тәжірибелірек, ол мықтырақ, – деді ауыр салмақтағы WBA regular белбеуінің иегері Бейбіт Шүменов.

Ал жекпе-жектерін орта салмақта өткізіп жүрген Дәурен Елеусінов Хосе Бенавидесті танымайтындығын мойындады. «Мен оның інісін білемін. 168 фунтта жұдырықтасады. Бір тұжырым бойынша чемпион. Мықты. Ал ағасын танымайды екенмін. Менің фаворитім – Кроуфорд. Ол өз мықтылығын біраз жылдан бері дәлелдеп келе жатыр», – деді Елеусінов.

Дәл осындай пікірді промоутер Лашын Аймағамбетов те білдірді. Оның ойынша, бар мәселе кімнің жеңетіндігінде емес, нокауттың болу-болмауында.

Ендеше, бәрін ертең көреміз. Ал сіздер кім ұтады деп ойлайсыздар?

Текст: Sadvakas Maikibayev