​Сұлтан Зауырбек кезекті сынақтан сүрінбей өтті

2024 ж. 9 желтоқсан
​Сұлтан Зауырбек кезекті сынақтан сүрінбей өтті

Кәсіпқой бокстағы қазақстандық боксшылардың үшеуі осы айда өздерінің кезекті жекпе-жектерін өткізеді. 8 желтоқсан күні екінші жеңіл салмақта өнер көрсететін Сұлтан Зауырбек Ирландияның оңтүстігінде орналасқан Уотерфорд қаласында өткен бокс кешінде шаршы алаңға көтеріліп, жанкүйерлерді жарқын жеңісімен қуантты.

Күмәнсіз жеңіс

Отандасымыз Ирландиядағы бокс кешінде Польша өкілі Дамиан Вржесинскиймен (28-3-2, 7 КО) шеберлік байқасты. 10 раундқа жоспарланған айқасты боксшылар толық жұдырықтасып шығып, жеңімпазды төрешілер анықтады. Дегенмен, 10-раундта Зауырбек қарсыласын бір мәрте нокдаунға жіберген соң, бокс кешіне жиналған жанкүйерлерде де, төрешілерде де отандасымыздың жеңісіне күмән келтірген жоқ.

Сөйтіп 10 раунд қорытындысы бойынша Сұлтан 97:92; 97:92; 98:91 есебімен кезекті рет жеңіске жетіп, екінші жеңіл салмақтағы WBA Continental белдеуін тағы да сәтті қорғады. Ал Дамиан Вржесинский (28-4-2, 7 КО) кәсіби мансабында төртінші рет жеңіліске ұшырады.

Вржесинский осал қарсылас па?

Вржесинский кәсіпқой бокстағы карьерасында төртінші рет жеңілістің дәмін татса да, оны осал боксшы деп айта алмаймыз. Дамиан Сұлтанның биылғы екі қарсыласына қарағанда рейтингте әлде-қайда жоғары орналасқан. Жекпе-жекке дейін ол BoxRec рейтингінде екінші жеңіл салмақ дәрежесі бойынша 118-орында тұрған еді.

Вржесинский биыл бір ғана жекпе-жек өткізді және қарсыласынан басым түсті. 5 қазан күні Польшада өткен бокс кешінде ол аргентиналық Мауро Перуэнмен (16-9-1, 8 КО) кездесіп, 10 раундтық айқаста қарсыласын ұпай санымен жеңді. Сондай-ақ Дамиан 2023 жылы ирландиялық Энтони Какачемен (23-1, 8 КО) IBO нұсқасы бойынша жеңіл салмақтағы әлем чемпионы атағын сарапқа салған. Өкінішке қарай, аса тартысты кездесуде Вржесинский ұпай санымен жеңіліп қалған еді – 116:112, 117:111, 118:111.

Сұлтанның ендігі карьерасы қалай болмақ?

Бұл Сұлтан Зауырбектің биылға жоспарланған үшінші жекпе-жегі және ол барлық үш айқасты да жеңіспен аяқтады. Алдымен ол 1 наурызда колумбиялық Виктор Хулиомен (17-11, 9 КО) жұдырықтасып, ұпай санымен жеңіске жетті. Ал 21 маусымда аргентиналық Роман Рейносоны (22-5-2, 10 КО) техникалық нокаутпен жеңді. Бір айта кетерлігі, Зауырбек 2023 жылы да үш мәрте шаршы алаңға шыққан.

Дегенмен, отандасымыз жиі-жиі жекпе-жек өткізіп жүргенімен, қарсыластарының деңгейі оның әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасуға мүмкіндік бермейді. Мәселен, Сұлтан бүгінге дейін 19 айқас өткізсе де, соның екеуін ғана BoxRec порталы екі жұлдызға дейін бағалаған. Ал 8 жекпе-жек мұлде бағаланбаған. Қалғанының бәріне 1 жұлдыз берілген. Жалпы жекпе-жектерде аталған сайт 5 жұлдызға дейін бағалайды. Бұл бағалау жүйесі боксшының деңгейін, әлем чемпионы атағына шығуға жарай ма, жоқ па деген сұраққа тікелей жауап береді.

Сондықтан алдағы уақытта отандасымыз қарсыластарының деңгейін көтеріп, ең кемінде 3 жұлдызға бағаланатын жекпе-жектерге шығу керек деп ойлаймыз. Өйткені Дамианға қарсы өткен айқаста отандасымыз жаман өнер көрсеткен жоқ. Қайта 10 раундты бір қарқында өткізіп, ірі жекпе-жектерге дайын екенін аңғартқандай болды.

Айта кетейік, бұл жеңісінен кейін Сұлтан Зауырбек BoxRec порталының нұсқасы бойынша өз салмағында 21-орынға көтерілді. Енді отандасымызды рейтингте жоғары тұрған қарсыластары жекпе-жекке шақыра алады, ал Сұлтан ТОП-50 боксшының ішіндегі қарсыластарды таңдауға мүмкіндігі бар.

Текст: Admin Admin