Жәнібек Әлімханұлы Бентлимен екінші рет жұдырықтаса ма?

2024 ж. 13 желтоқсан
Жәнібек Әлімханұлы Бентлимен екінші рет жұдырықтаса ма?

Британиялық боксшы Дензел Бентли өткен аптада жерлесі Брэд Полсты жеңгеннен кейін, екінші мәрте орта салмақтағы WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлымен жекпе-жек өткізу мүмкіндігіне ие болды. Британиялық боксшының командасы бұл жекпе-жекті өткізуге ниетті.

Үміткерлердің жекпе-жегі

7 желтоқсан күні Лондонда өткен бокс кешінде орта салмақта өнер көрсететін қос британиялық боксшылар – Дензел Бентли (21-3-1, 17 КО) мен Брэд Полс (19-2-1, 11 КО) WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы қазақстандық Жәнібек Әлімханұлымен (16-0, 11 КО) жекпе-жекке шығу үшін міндетті үміткерді анықтады. Өйткені дәл қазіргі уақытта Бентли аталған нұсқа бойынша өз салмағында рейтингте бірінші орында, ал Полс екінші сатыға жайғасқан. Оның үстіне қазір Жәнібекпен жұдырықтасатын боксшы да табылмай жатыр.

Бентли мен Полс арасындағы жекпе-жекке тоқталсақ, кездесу әу баста жоспарланғандай 12 раундқа жалғасты. Сөйтіп жеңімпазды төрешілер анықтап, 12 раундтың қорытындысы бойынша Дензел Бентли үш төрешінің де басым дауысына ие болып, 115:112, 117:111, 116:111 есебімен айқын жеңіске жетті. Осылайша, Бентли карьерасында екінші рет Жәнібек Әлімханұлымен кездесу мүмкіндігіне ие болып отыр.

«Жығылған күреске тоймай ма?»

Жәнібек пен Бентли бір-бірін жақсы танитын ескі қарсыластар. Өйткені екеуі бұған дейін шаршы алаңда бір мәрте кездесіп, жекпе-жек өткізіп үлгергенін жоғарыда айттық. 2022 жылдың 12 қарашасында екі боксшы АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы Palms Casino Resort кешенінде алғаш рет кездесті. Top Rank промоутерлік компаниясының боксшысы Жәнібек Әлімханұлы WBO белдігін иеленгеннен кейін, аталған белбеуін бірінші рет дәл осы Бентлиге қарсы қорғады.

Екі жыл бұрынғы айқаста Жәнібек екінші рет 12 раундтық жекпе-жегін өткізіп, алғаш рет толық 12 раунд бойы жұдырықтасып шықты. 2017 жылдан бері кәсіпқой бокста өнер көрсетіп келе жатқан 29 жастағы Бентли Жәнібекке өте лайықты қарсылық көрсеткенін айта кеткен жөн. Дегенмен, Жәнібек қарсыласынан басым түсіп, 116-112, 116-112, 118-110 есебімен жеңіске жетіп, әлем чемпионы атағын сәтті қорғады.

Бір қызығы, Бентли араға екі жыл салып, тағы да Жәнібектің орта салмақтағы WBO белдігіне негізгі үміткер боксшы атанып отыр.

Екі боксшы арасында екінші жекпе-жек бола ма?

Қазіргі таңда мамандар бұл сұраққа әртүрлі жауап беріп жатыр. Бірақ, басым көпшілігі Жәнібек пен Бентли арасында жекпе-жектің өтуіне күмәнмен қарайды. Өйткені оның мынадай екі себебі бар. Біріншісі, қазір отандасымыздың командасында Дензелмен екінші рет айқас өткізуге аса қатты қызығушылық жоқ. Өйткені, екі боксшы да дәл қазір бокс нарығында ешкімге қызық емес. Сондықтан Әлімханұлының командасы бұл кездесуді өткізе қоймас.

Екінші себебі, Британия бокс кеңесі (BBBofC) орта салмақтағы (72,6 кг дейін) Британия чемпионы Дензел Бентлиге (21-3-1, 17 КО) чемпионақты қорғауға міндетті қарсылас Кирон Конуэймен (22-3-1, 6 КО) келіссөздерді бастауды талап етуде. Тараптар 8 қаңтарға дейін жекпе-жекті келісуге уақыттары бар. Егер олар бұл уақыт аралығында келісе алмаса, онда жекпе-жектің тағдыры промоутерлік аукционда шешіледі.

Сарапшылардың болжамы бойынша, Бентли Британия чемпионы белбеуінен бас тартуы мүмкін екенін айтады. Себебі, ол WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атануға ниетті.

Текст: Admin Admin