Елшат Нығметолла: 2025 жылды жекпе-жек өткізуден бастаймын
Қазақстандық Irfin Promotions промоутерлік компанияның белді де белгілі боксшысы Елшат Нығметолланы (20-0-1, 7 КО) қазақстандық кәсіби бокстың қазіргі буынының ең тәжірибелі өкілдерінің қатарына жатқызуға толық құқығымыз бар. Ең жеңіл, яғни 53,5 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп жүрген спортшы соңғы бокс кешінде басты жекпе-жектердің бірінде шығып, жеңіске жеткен еді. Сол кезден біраз уақыт өтті, осы орайда ringkz.com порталы боксшыны сөзге тартып, сұхбаттасты.
– Елшат, ең кейігі жекпе-жегіңді өткізгеніңе де екі айдан асты. Карьераңда қандай жаңалықтар бар?
– Алдымызда жақсы жоспар, жағымды жаңалықтар жоқ емес. Жаңа жылдан кейін жекпе-жек өткізуге дайындалып жатырмын. Әзірге дәл уақыты белгісіз, негізі қаңтар айының соңына жоспарлап отырмыз. Бірақ нақтысын әлі айта жатармыз. Қазір табысты да жемісті еңбек етіп жатқан Irfin Promotions компаниясымен бірлесіп, кездесуге қатысты мәселенің бәрін реттеп, шешіп жатырмыз.
– Алдыңғы жекпе-жектеріңе қарап, қандай сабақ алдың? Өзіңді қай бағытта жетілдіру қажет деп ойлайсың?
– Әр жекпе-жек тәжірибе ғой, жақсы жағынан сабақ алдым деп айтуға болады. Бұрынға қарағанда тағы да өсе түстім, бір орында тұрмай дамып жатырмын дегендей. Бірақ не де болса, әлі де өсу керек, даму қажет, жан-жақты жетілу керек. Сондықтан бір орында тұрып қалмай, барынша алға қозғалу қажетт.
– Кәсіпқой бокста жетістікке жету үшін спортшыға не маңызды: техникалық шеберлік пе, әлде психологиялық тұрақтылық па?
– Кәсіпқой бокста қандай да бір жетістікке жету үшін шеберлік жағынан, психологиялық жағынан да дайын болу өте маңызды. Кейбір боксшылар жаттығуда бәрін жақсы жасап, шаршы алаңда да өзін керемет көрсетеді. Кейбір спортшылар залда жақсы дайындалғанымен, рингте өзін жоғалтып алады. Осының бәрі психологияға байланысты, себебі олар тұрып қалады, көп ойланып кетеді. Ойындағын істей алмайды, соның бәрі боксшы үшін сабақ болады. Бәрі бірден болып кетпейді, сол себпті өзіңді жаттығу залынан бастап, шаршы алаңға шыққанға дейін қадағалау қажет.
Жаттығу кезінде ең бірінші қарсыласыңды, сосын өзіңді зерттейсің. Осы заттарға көп көңіл бөлу керек. Оны жан-жақты талдап, біліп алу керек. Қарсы алдыңда тұрған боксшының техникасы, қарқыны қандай, ол күшке сала ма әлде техникаға жүгіне ме дегенді біліп алу керек.
– Өзіңнің бокс стиліңді қалай сипаттайсың? Арнайы жаттығулар мен әдіс-тәсілдерге көп көңіл бөлесің бе?
– Өзімнің бокс стиліме келсем, шаршы алаңда бәрін жақсы бақылап-басқара аламын деп айтуға болады. Іс-әрекетімді қарсыласыма қарай бейімдеймін. Ол қатты ұрып, күш жұмсайтын болса, мен қырылыспаймын, техникаға салуға тырысамын. Ең бастысы "қарсыласымды құлатамын" деген ой болмау керек. Біздің спортта денсаулық өте маңызды, сондықтан жекпе-жектерде техникаға жүгінемін. Ал қарсыласым күшке салмай, сылбыр қозғалып, жеңіл ұратын болса, мен барынша қысуға тырысамын. Жалпы осылай барлығын қарсыласқа қарап істеймін, сондықтан америкалық стильде бокстасқан ұнайды.
– Боксшы болудың ең қиын тұсы не? Оның сыртында қандай қиындықтар бар?
– Боксшы, оның ішінде спортшы болудың жүгі жеңіл емес. Бұл әр адамның тәлім-тәрибиесіне, тәжірибесіне, сана-сезіміне байланысты. Чемпион болу бір бөлек, оған жету бір бөлек дегендей. Оған жетудің жолы тіпті оңай емес. Бұған қоса, әрине, еңбек және де еңбек, аямай тер төгу қажет, бұған да шыдау үшін мінез керек. Сосын шаршы алаңдағы жағдай бар және рингтің сыртында да көп нәрсе болып жатады. Боксшылар үшін сол сырттағы қиын жағдайдың бірі - салмақ қуу. Барынша тер төгесің, тамақ ішпейсің, соның өзінде 100-200 грамм түспей қалады. Соның өзін қуу кәдімгідей қиын. Сондықтан да оны көп адам түсіне бермейді.
– Уақыт тауып сұхбат бергеніңе көп рахмет!