Азия чемпионаты: Жартылай финал мен финалда қазақ-өзбек теке-тіресі күтіп тұр
Бұл күндері Таиланд Корольдігінің Чиангмай қаласында бокстан кезекті Азия чемпионаты өтіп жатқаны белгілі. Қайрат Сәтжанов жетекшілік ететін Қазақстан құрамасы бұл сары құрлық додасында 13 салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жатыр. Бүгін жарыстың алғашқы ширек финал жекпе-жектері өтіп, өкінішке қарай, бір отандасымыз жүлделі орынға сынық сүйем қалғанда сүрінді.
Өзбекті жеңіп, тәжікке шамасы жетпеді
Жастар арасындағы бірнеше халықаралық жарыстардың жеңімпазы, 2019 жылғы Азия чемпионы Бейбарыс Жексен ересектер арасындағы алғашқы Азия біріншілігін ерте аяқтауға мәжбүр болды. Жуырда ғана Шымкентте өткен Қарақозы Әбдалиевті еске түсіруге арналған халықаралық турнирдің 60 келі салмақтың финалында тәжірибелі боксшы Серік Теміржановты жеңіп, Азия чемпионатына жолдама алған Бейбарыс екінші айналымда тәжікстандық Акмал Убайдовтан жеңіліп қалды.
Отандасымыз алғашқы айналымда-ақ өзбекстандық қарсыласы – Дилшод Абдумуродовпен жекпе-жек өткізіп, азулы боксшыдан аса қиындықсыз айласын асырды. Бейбарыстың осы бір жарқын жекпе-жегінен кейін қазақстандық бокс жанкүйерлері одан жүлде күткен еді. Алайда бірінші айқаста керемет бокс үлгісін көрсетіп, сенімді жеңіске жеткен Жексен екінші айналымда сүрінді.
Жартылай финалға жолдама беретін кезеңде отандасымыз тәжікстандық тәжірибелі боксшы, 2021 жылдан бері кәсіпқой бокста өнер көрсетіп келе жатқан Акмал Убайдовтан айласын асыра алмады. Акмал кәсіпқой бокста бес айқас өткізіп, барлығын да мерзімінен бұрын аяқтаған.
Үздіктер мықтылығын дәлелдеуде
Ұлттық құрама сапында әлем, Азия чемпионаттарында жеңімпаз атанып, ел қоржынына жүлде салған тәжірибелі боксшыларымыз жарыс жолын сәтті жалғастырып келеді.
Мәселен, биылғы Париж Олимпиадасынан кейін 54 келі салмақта жұдырықтаса бастаған Махмұд Сабырхан 1/8 финалда тайпейлік боксшы Лаи Ян-Линді мерзімінен бұрын жеңді. Махмұд ширек финалда шри-ланкалық боксшымен жұдырықтасады.
57 келіде өнер көрсететін Оразбек Асылқұлов алғашқы жекпе-жегін малайзиялық Зулхейлейн Мохамадпен өткізіп, айқын басымдықпен ұтты. Қарсыласынан бір бас жоғары өнер көрсеткен отандасымыз екінші раундта оны нокдаунға да жіберді. Ал 1/4 финалда шаршы алаң қожайыны Чуджан-Ат Пануванмен кездесіп, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіске жетті. Енді ол 8 желтоқсанда Лундаа Гантумурмен (Моңғолия) финалдық жолдама үшін жұдырықтасады.
67 келіде әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дулат Бекбауов 1/8 финалда Тайпей спортшысы Джиа-Джун Чиуан Вангті жеңсе, 1/4 финалда Малайзия спортшысы Мұхаммад Арифф Айманды айқын ұтты. Осылайша Дулат Бекбауов жартылай финалға жолдама алды.
Ал биыл ұлттық құрамаға оралған 71 келідегі Абылайхан Жүсіпов 1/4 финалда Түркіменстан өкілі Байрамдүрді Нұрмұхамедовпен жұдырықтасты. Қарсыласы 3 раунд бойы прессингке сенім артса да, Абылайхан дәл әрі мығым соққыларын дарытты. Нәтижесінде 3-раундта бір нокдаун тіркелді. Есеп: 5:0. Абылайхан бұған дейін әуесқой бокста 2021 жылы Белградтағы Әлем чемпионатында қола жүлде алған еді. Енді отандасымыз 8 желтоқсан күні жартылай финалда Тәжікстан спортшысы Шохбожон Шукуровпен жолығады.
80 келіде өнер көрсетіп жатқан Ерасыл Жақпеков 1/4 финалда Сағын Сатыбалдыұлымен (Қырғызстан) жарқын жекпе-жек өткізді. Алғашқы раундта қаша ұрыс салған Қырғызстан спортшысының тактикасы жемісін бергенімен, айқастың қалған бөлігінде Ерасыл жойқын соққылар мен қыспаққа алудың арқасында тараз басын өз жағына бұра алды. Енді жерлесіміз 8 желтоқсан күні жартылай финалда қарсыласын нокаутқа жіберген Тұрабек Хабибуллаевпен (Өзбекстан) жолығады.