​Саматәлі Төлтаев: Кәсіпқой боксқа түбегейлі бет бұрдым

2024 ж. 11 қыркүйек
​Саматәлі Төлтаев: Кәсіпқой боксқа түбегейлі бет бұрдым

Санаулы күндерден кейін Алматыда Irfin Promotions компаниясының ұйымдастыруымен үлкен кәсіпқой бокс кеші өтеді. 21 қыркүйекке жоспарланған шоудың бағдарламасына 8 кездесу енген. Әр жекпе-жекте отандық боксшылар жұдырықтасады. Аталған бокс бәсекесінде әуесқой бокста Қазақстан чемпионы, Азия біріншілігінің жеңімпазы, екі әлем чемпионатының қатысушысы Саматәлі Төлтаев та өнер көрсетеді.

Бокс кеші алдында Саматәлі ringkz.com сайтына сұхбат беріп, дайындығы, алдағы жоспарлары туралы айтып берді.

– Саматәлі, 21 қыркүйектегі бокс кешіне дайындық қалай жүріп жатыр?

– Құдайға шүкір, жекпе-жекке дайындық жоғары деңгейде өтіп жатыр. Барлығы өз жоспарымыз бойынша кезең-кезеңімен, ойдағыдай іске асып жатыр. Күн өткен сайын спорттық бабымызға да еніп келе жатырмын. Жанкүйерлерге жақсы бокс кешін ұсынуға дайынмын.

– Бірнеше жыл әуесқой бокста өнер көрсетіп, биыл кәсіпқой боксқа ауысқаныңды білеміз. Бейімделу қалай жүріп жатыр? Әуесқой мен кәсіпқойдың қандай айырмашылығын байқадың?

– Кәсіпқой боксқа енді ғана қадам басқан соң, бейімделу әлі жүріп жатыр. Толыққанды кәсіпқой бокс әлеміне еніп кеттім деп айта алмаймын. Әуесқой мен кәсіпқой бокс арасындағы айырмашылықтар көп көп екен. Өзім үшін жаңа дүниелер ашып, бокстың қыр-сырына одан әрі қанығып жатырмын. Сондай-ақ кәсіпқой бокстың қарқыны, жұдырықтасу мәнері, қарсыластар, бәрі-бәрі өзгеше екен.

– Түбегейлі кәсіпқой боксқа ауыстың ба, әлде алдағы уақытта сені әуесқой бокста да көріп қалуымыз мүмкін бе?

– Кәсіпқой боксқа түбегейлі ауыстым деп те айта беруге болады. Өйткені, бірнеше жыл әуесқойда өзімді сынап көрдім. Азды-көпті жеңістерге қол жеткіздік. Еліміздің атын шығарып, туымызды көкте желбіретуге мүмкіндігімізше тырыстық. Енді кәсіпқой боксқа да қадам басып, бұл жақтың да дәмін татып көргіміз келеді. Алайда, ұлттық құрама басшылығынан әуесқой боксқа оралу туралы ұсынысы түссе, қайта оралуға дайынмын.

– Бұл сенің биылғы үшінші жекпе-жегің болмақ. Жыл соңына дейін тағы бір кездесу өткізу жоспарда бар ма?

– Әрине, қазіргі таңда маған мейілінше көп жекпе-жектер өткізіп, тәжірибе жинап, әлемдік рейтингтерде жоғары орындарға тезірек көтерілу қажет. Сондықтан жыл соңына дейін тағы бір-екі жекпе-жек өткізуге дайынмын. Көреміз, ұсыныстар келіп жатса, бәріне ашықпын.

– Қарсыласың туралы не білесің? Қандай артықшылығы немесе кемшілігі бар?

– Әзірге қарсыласыммен аса қатты таныс емеспін. Әлеуметтік желілерден бұрынғы 1-2 жекпе-жегін көрдік. Соған сай тактикалық жоспарымызды, жаттығуымызды жасап жатырмыз. Кім болса да, оңай қарсылас емес екенін айдай анық. Сондықтан жеңіске жетуге, жанкүйерлерді қуантуға тырысамыз.

– Алдағы жоспарың туралы айтып өтсең?

– Алдымызда жоспарларымыз, мақсаттарымыз өте көп. Солардың орындалуына қазірден бастап кіші қадамдарымызды жасап жатырмыз. Ең басты мақсатымыз – кәсіпқой бокстағы ең маңызды төрт белдікті жинау. Бұйырса, ол күнге де жетеміз деген ниеттемін.

Айта кетейік, Саматәлі Төлтаев (2-0) 21 қыркүйектегі жекпе-жекте жеңіл салмақ (61,2 кг) дәрежесінде жұдырықтасады. Қарсыласы – ресейлік Магомедрасул Омаров (2-0, 1 КО). Кездесу 4 раундқа жоспарланған.