Садриддин Ахмедов карьерасында алғаш рет қарсыласын жеңе алмады

АҚШ-тың Калифорния штатындағы Коммерс қаласында өткен бокс кешінде күтпеген тосын нәтиже тіркелді. Қазақстандық кәсіпқой боксшы Садриддин Ахмедов кештің басты жекпе-жегінде өнер көрсетіп, карьерасында алғаш рет қарсыласын жеңе алмады. Мексикалық Элиас Эспадаспен өткізген 10 раундтық жекпе-жек тең нәтижемен аяқталды.
Эспадас осал болмай шықты
Бірінші орта салмақта бокстасып жүрген Садриддин Ахмедов бұған дейін бірқатар мексикалық боксшымен жекпе-жек өткізіп, барлығынан басым түскен еді. Былайша айтқанда, мексикалық боксшылардың қыр-сырын, айла-тәсілдерін жақсы білетін. Оның үстіне қазіргі бапкері — мексикалық Абель Санчес. Бұл есім қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс: кезінде ол Геннадий Головкинді жаттықтырған еді.
Жекпе-жекке дейін бокс мамандары да, жанкүйерлер де Садриддиннің кезекті жеңісіне сенімді болды. 15 кездесудің 13-ін нокаутпен аяқтаған боксшы бұл жолы 14-нокаутын тіркейді деп үміттенді. Алайда оның бұл жолғы қарсыласы оңай шағылар жаңғақ болмай шықты.
Шынын айтқанда, Эспадастың деңгейі Ахмедовтың бұрынғы қарсыластарынан аса жоғары емес. Дегенмен ол кейбір боксшылар секілді жеңіл қарсылас болмай, жекпе-жекте мықты төзімділік танытты. Боксшылардың рейтингін жүргізетін әйгілі BoxRec порталы бұл кездесуге алғаш рет екі жұлдыз берді. Бұған дейін Садриддиннің қарсыластары бір жұлдызбен ғана бағаланатын.
Эспадас мықтылығынан емес, Ахмедовтың қателігінен тең түсті
Жекпе-жектің алғашқы раунды Садриддин үшін сәтті басталды. Ол сериялы соққылардан гөрі нокаутқа апаратын жойқын соққыларға басымдық берді. Ахмедов командасының бастапқы жоспары да қарсыласын мүмкіндігінше тезірек нокаутқа түсіру болғандай.
Алайда кейінгі раундтарда мексикалық боксшы еркін қимылдап, соққыларын дәл тигізе бастады. Ал Садриддин жойқын соққы іздеумен жүріп, қорғанысты ескерусіз қалдырды. Қолын түсіріп, бетін ашық ұстағанын байқаған Эспадас қарсы шабуылдарын сәтті жүзеге асырды. Төрешілердің тең нәтижені тіркеуіне де осы сәттер себеп болды. Бұл жекпе-жекте отандасымыз қажетсіз соққыларды тым көп өткізіп алды.
Садриддин Ахмедовтың бұл кеште неге солғын өнер көрсеткені белгісіз. Дегенмен, оның тәжірибесі мен жойқын соққыларының арқасында ғана тең нәтижеге қол жеткізді.
Кешірім және уәде
Жекпе-жекте жеңіске жете алмай, жанкүйерлерге жарқын сәт сыйлай алмаған Садриддин Ахмедов жекпе-жектен кейін қазақ халқынан кешірім сұрап, келесі кездесуде жеңіске жетуге уәде берді:
Бұл бокс. Қарсыласым мықты болды. Бесінші немесе алтыншы раундта қолымды сындырып алдым. Бірақ жақсы жекпе-жек өтті. Реванш болатынына сенемін. Өз елімнен, бүкіл Қазақстан халқынан кешірім сұраймын. Бұл тек спорт. Біз міндетті түрде қайта ораламыз және келесі жекпе-жекте жеңіске жетеміз! — деді Ахмедов жекпе-жектен кейінгі сұхбатында.