​Нұрдос Төлебай: «Қарсыласыма арнайы тактика мен соққылар дайындап жатырмын»

2024 ж. 10 қыркүйек
​Нұрдос Төлебай: «Қарсыласыма арнайы тактика мен соққылар дайындап жатырмын»

21 қыркүйек күні Алматыда Irfin Promotions компаниясының ұйымдастыруымен кәсіпқой бокс кеші өтеді. Шоудың бағдарламасына 8 кездесу енген. Әр жекпе-жекте отандық боксшылар шетелдік қарсыласымен жұдырықтасады. Сол кештегі негізгі жекпе-жектердің шымылдығын Нұрдос Төлебай ашады. Осындай абыройлы да маңызды кездесу алдында боксшымызбен сұхбаттасқан едік.

Бокс кешінің алдында Нұрдос ringkz.com сайтына сұхбат беріп, дайындығы, алдағы жоспарлары туралы айтып берді.

– Бокс кешіне дайынды өте жақсы өтіп жатыр. Жекпе-жекке аз уақыт қалды. Сондықтан қазір ең бастысы - салмақ. Осы бағытта барымызды салып жатырмыз. Не болса қазір барынша бабыма келдім. Ал сол күні тіпті жақсы боламын деп ойлаймын. Ең басты мәселе сол салмақ қой, содан өтіп алсақ, бәрі жақсы болады. Жалпы сақадай саймыз, сол кеште керемет бокс көрсетуге дайындалып отырмыз.

– Осы бокс кешінде жұдырықтасатын қарсыласың туралы не айтасың? Ол туралы бұрын-соңды естіп көрдің бе?

– Қарсылас жақсы жігіт, қарымды боксшы. Сол 21 қыркүйекте дайындаған тактикамыз бен арнайы соққыларымызды көрсетеміз. Жаттығу барысында өзбек бауырымызға қарсы стратегия құрып, тактикамызды әзірлеп жатырмыз. Соның бәрін енді рингте көрсетеміз деп ойлаймын. Ол да жақсы спортшы, бірақ Алматыдағы шаршы алаңда кәсіпқой бокстың қандай болатынын дәлелдейміз. Бұған дейін ол туралы естімеппін, бірақ бұл кешке осал, әлсіз қарсылас келмейтіні анық. Ең бастысы - нокаут жасап, құлату емес, таза әрі сенімді жеңіске жету. Сол үшін барымды саламын. Егер қарсыласымды мерзімінен бұрын жеңіп жатсам, тіпті жақсы болады.

– Irfin Promotions ұсынысын қалай қабылдадың? Irfin туралы не айта аласың?

- Irfin Promotions ұсынысын қуана қабылдадым. Жалпы компания жастарға, аты енді шығып келе жатқан проспектерге мүмкіндікті барынша беріп жатыр. Мұндай промоушнге тек алғыс айтамыз.

– Алматыдағы кеш сәтті өтсе, болашақ жоспар қандай?

– Енді бір орында тұрып қалмай, барынша дамып, шетелге шыққым келеді. Қазақстанда тағы бірнеше жекпе-жек өткізіп, әбден шнықталып, дамып ары қарай жылжимыз. Мақсатымыз анық, ол - АҚШ-та жекпе-жек өткізу. Кәсіпқой бокстың отаны сол жақ болғаннан кейін, сол елге барып өнер көрсеткім келеді. Себебі ол жақта бокс та, тәжірибе де, бәрі басқаша. Сондықтан тырысамыз.

Айта кетейік, Нұрдос Төлебай 21 қыркүйектегі Алматыдағы бокс кешінің Main card кезеңіндегі алғашқы кездесуде шығады. Ол бірінші жартылай орта салмақта (63,5 келіге дейін) өзбекстандық Ұлықбек Қайымбоевпен 6 раунд жекпе-жек өткізеді.