Ендігі кезекте Ломаченко? Мураталья – Абдуллаев IBF титулын сарапқа салды

2025 ж. 13 мамыр
Ендігі кезекте Ломаченко? Мураталья – Абдуллаев IBF титулын сарапқа салды

Сан-Диего (АҚШ), Pechanga Arena. Жеңіл салмақтағы (61,2 келіге дейін) IBF-тің уақытша чемпионы атағы үшін америкалық Рэймонд Мураталья (23-0, 17 KO) мен ресейлік Заур Абдуллаев (20-2, 12 KO) жекпе-жек өткізді. Бұл ұйымның негізгі чемпионы әлі де – Украинаның атақты боксшысы Василий Ломаченко.

Мураталья жекпе-жекті күткендегідей қарқынды бастады. Джебтер алмасуында сенімді көрінді, қарсыласын тұғырын жиі ауыстырумен шатастырып отырды. Бұл – оған тән стиль. Ал Абдуллаев әдеттегідей алғашқы раундтарда аса әсерлі бола қойған жоқ.

5-раундта аутсайдер ретінде шыққан Абдуллаев жақсы сәт көрсетті. Ол кросс соққысын дәл тигізіп, фавориттің оны сезінгені анық байқалды. Заур Муратальяның қарсы шабуылдарын тойтаруға тырысты, кей сәттерде сәтті де болды. Америкалық боксшыға сабыр мен төзімділік (немесе тәжірибе?) жетіспейтін секілді. Бұл жағынан қарсыласы сенімді көрінді. Мураталья әлі де ұпайда алда, бірақ ол артықшылығын негізінен соққы саны арқылы алып отыр.

Абдуллаев бұл жолы әдеттегідей джебпен қысым жасаған жоқ. Оның орнына қарсы соққы бағытында жұмыс істеді. Ал Мураталья мен бапкері Роберт Гарсия мұндай тактикаға толық дайын болмаған сияқты. Дегенмен, америкалық қол жылдамдығының арқасында артықшылықты сақтап отыр. Ол апперкот соққыларын комбинация арасында жасырып ұруға дағдыланып алды – бұл соққылар жоғары блокпен қорғанған ресейлікке жақсы өтуде.

Чемпиондық раундтар

Абдуллаевқа қарқын мен қысымды барынша арттыру керек болды. Себебі, жекпе-жек басындағы бәсеңдігі есебінен ұпай бойынша артта қалды. Бірақ бұл ойы толық жүзеге аса қойған жоқ. Мураталья джебпен жақсы жұмыс істеп, корпусқа хук соққыларын да қайтадан еске салды. 12-раундта Абдуллаев барын салды – бірнеше кросс және оң жақ тура соққысын дәл жеткізді. Бірақ бұл жеткіліксіз болды, оған бұл қарқынды ертерек қосу керек еді.

Қазылардың шешімі: 118–110, 119–109, 119–109 – Муратальяның пайдасына. Нәтиже: Рэймонд Мураталья жеңді (бір ауыздан шешім – UD 12).

Екінші жартылай жеңіл салмақ (59 кг дейін):

Америкалық Андрес Кортес (23-0, 12 KO) испандық Сальвадор Хименесті (14-2-1, 6 KO) ұпаймен жеңді. Қазылар есебі: 99–91, 100–90, 100–90. Кортес жеңді (UD 10).

Жартылай орта салмақ (66,7 кг дейін):

Америкалық Джованни Сантийян (34-1, 18 KO) мексикалық Анхель Бельтранды (18-3, 11 KO) бір ауыздан шешіммен жеңді. Қазылар есебі: үш рет 97–93. Сантийян жеңді (UD 10).

Екінші жеңіл салмақ (55,3 кг дейін):

Мексикалық проспект Себастьян Эрнандес (20-0, 18 KO) армениялық тәжірибелі экс-претендент Азат Ованнисянды (21-6, 17 KO) ұпаймен жеңді. Қазылар есебі: үш рет 98–91. Эрнандес жеңді (UD 10).

Текст: Аян Алмас