​2025 жылдың басты мегафайты Канело-Кроуфорд жекпе-жегінен не күтеміз?

2025 ж. 14 мамыр
​2025 жылдың басты мегафайты Канело-Кроуфорд жекпе-жегінен не күтеміз?

2025 жылдың басты мегафайты – орта салмақтағы абсолютті чемпион атағы үшін Канело Альварес пен Теренс Кроуфорд арасындағы жекпе-жек 13 қыркүйекте АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтеді.

Супер шоу әлде жекпе-жек?

Бұл шоу UFC басшысы Дэйна Уайт басқаратын жаңа бокс жобасының ресми тұсаукесері болмақ. Жаңа промоушен Турки әл аш-Шейх (Riyadh Season), WWE өкілі Ник Хан және Дэйна Уайт серіктестігінің аясында құрылып отыр.

TKO Group Holdings президенті Марк Шапиро MMA Fighting басылымына берген сұхбатында жобаның алдағы жоспарлары туралы былай деді:

«Біздің мақсат – алдағы 5 жылда жыл сайын 12 шоу өткізу. Сонымен қатар жылына 1-4 супер жекпе-жек ұйымдастыру жоспарда бар. Канело мен Кроуфорд айқасы — сөзсіз солардың бірі. Мұндай шоулардың андеркард жекпе-жектері серіктес платформаларда көрсетіледі. Бұл екі түрлі жоба болады. Ал супер жекпе-жектерді қаржыландыруды Сауд Арабиясы жеке қолға алады. Құқықтар, комиссиялық төлемдер мен билет сатылымы бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Бірақ бастысы – шоуды өзіміз жасаймыз».

Канело-Кроуфорд: Екі шебердің шайқасы

Бокс әлемі тағы бір тарихи мега жекпе-жекке куә болуға жақын. Сауль "Канело" Альварес пен Теренс "Bud" Кроуфорд — екі түрлі салмақтағы чемпион, екі түрлі стильдің өкілдері. Бұл айқас салмақ, тәжірибе және техника арасындағы нағыз текетіреске айналмақ.

Канело Альварес: Тәжірибе мен қуаттың символы

Мексикалық жұлдыз Канело – супер орта салмақтағы сөзсіз чемпион. Ол 60-тан астам жекпе-жек өткізіп, 4 салмақ дәрежесіндегі чемпиондық белбеуге қол жеткізді. Өз жолында Головкин, Ковалев, Плант секілді алыптармен шайқаста жеңіске жетіп, элитадағы орнын айқындай түсті.

Күшті жақтары:

  • Денеге бағытталған соққылары – аса қауіпті.
  • Контршабуылда шебер, таймингті тамаша сезінеді.
  • Қысыммен жұмыс істей алады, рингті басқаруға бейім.

Әлсіз тұстары:

  • Жылдам қарсыластармен (мысалы, Бивол) қиындыққа тап болады.
  • Қарқыны баяу, ұзақ комбинациялардан гөрі жалғыз соққыға сенеді.

Теренс Кроуфорд: Универсал стиль иесі

Кроуфорд – бұрынғы жартылай орта салмақтағы абсолютті чемпион. Оның ерекшелігі – кез келген сәтте тактиканы өзгерте алуы, оңқай да, солақай да жұмыс істей алуы.

Күшті жақтары:

  • Айналуды, бұрыш ауыстыруды шебер меңгерген.
  • Бір уақытта шабуылдап және қорғануға шығып үлгереді.
  • IQ өте жоғары, қарсыластың шаблонын тез шешіп алады.

Әлсіз тұстары:

  • Канеломен салыстырғанда ауыр салмақта тәжірибесі аз.
  • Физикалық тұрғыдан Канелоға қарағанда кіші.

Салмақ, тактика және болжам

Жекпе-жек супер орта салмақта (168 фунт) өтсе, Канело артықшылыққа ие болады. Кроуфорд бұған дейін ең ауыр дегенде 147 фунтта өнер көрсетті. 21 фунт айырмашылық – шешуші фактор болуы мүмкін. Дегенмен, Кроуфордтың шапшаңдығы мен қозғалыс еркіндігі оны толықтырып тұра алады.

Болжамдарға сәйкес, егер Канело алға жүріп, денеге көп жұмыс жасаса, Кроуфордты бұрышқа тіреп, қысыммен жойқын соққылар жасай алса, сөзсіз жеңіске жетеді.

Ал егер Кроуфорд дистанцияны сақтап, қарсы шабуыл арқылы Канелоның шабуылын сөндіріп отырса, өзінің басты қаруы жылдамдық пен аяқ жұмысын іске қосса, бұл жекпе-жектен жеңімпаз болып шығады.

Қорытынды

Бұл – тарихқа алтын әріппен жазылатын, техника мен тактиканың шайқасы. Егер Кроуфорд Канело секілді алыпты жеңсе, оны ХХІ ғасырдың ең әмбебап боксшысы ретінде мойындауға болады. Ал Канело жеңсе, оның салмаққа қарамай қарсылас таңдаудағы батылдығы мен әмбебаптығы тағы бір мәрте дәлелденеді.