Наварретенің 16-шы титулдық жекпе-жегі: Суареске қарсы күмәнді жеңіс

2025 ж. 11 мамыр
Наварретенің 16-шы титулдық жекпе-жегі: Суареске қарсы күмәнді жеңіс

Pechanga Arena, Сан-Диего, АҚШ. Кештің басты жекпе-жегінде WBO нұсқасы бойынша екінші жеңіл салмақ (59 кг дейін) санатындағы әлем чемпионы мексикалық Эмануэль Наваррете (39-2-1, 32 KO) міндетті үміткер филиппиндік Чарли Суаресті (18-0, 10 KO) төрешілердің техникалық шешімімен жеңді.

Үш салмақ дәрежесін бағындырған Наваррете үшін бұл – 16-шы титулдық жекпе-жек, ал Суарес үшін – алғашқысы. Наваррете – қағаз жүзінде оңай жеңілетін, бірақ рингте мүлде басқаша, қауіпті боксшының жарқын үлгісі. Ол кең сермеп соғады, қорғанысқа қолдарын қайтаруды жиі ұмытады, соққыдан кейін тепе-теңдігін жоғалтады.

Суарес алғашқы раундтан-ақ тірі қалу режиміне көшті. Көрермендер оянып, жанданды – себебі бұл кеш бойы бірде-бір нокаут немесе уақытынан бұрын аяқталған жекпе-жек болмаған еді. Филиппиндік боксшы бұл қиындыққа төтеп беріп, біртіндеп белсенділік таныта бастады. Наварретенің салмақ тастау процесі өте ауыр болды, бұл жекпе-жектің екінші жартысында өз әсерін тигізуі мүмкін еді.

Суарестің чемпионмен ашық шайқасуға ұмтылуы даулы шешім болды. Көрермендер мұны жоғары бағалағанымен, 4-раундта ол қайтадан уақытынан бұрын жеңіліп қалу шегіне жетті. Дене тұсына бірнеше ауыр соққылар алды. Солақай қалыпта жұмыс істеуге тырысты, бірақ Наварретенің алыстан соғатын апперкотына тап болды.

6-раундта баспен соқтығысу орын алды. Чемпионның сол көзінің жанында үлкен жарақат пайда болды. Қызықты жағдай – қайталауда алдымен дәл соққы болғаны көрінеді. Алайда жарақат соққыдан ба, әлде соқтығысудан кейін бе – нақты айту қиын. Суарес шабыттанып, жекпе-жек тізгінін қолға ала бастады.

Атлетикалық комиссия шешім шығарды: жарақат баспен соқтығысудан болды деп саналды. Дәрігер рефериге 7-раундтан кейін жекпе-жекті тоқтатуды сұрады. Төрешілердің ұпай карталары есепке алынды. Алайда комментаторлар бұл шешіммен келіспеді – олардың ойынша, жарақат соққыдан болған. Бұл шешім Суарестің пайдасына болмады, себебі ол сол сәтте басымдықты өз қолына алып жатқан еді.

Төрешілердің есебі: 78–75, 77–76, 77–76 – бәрі чемпионның пайдасына.

Осылайша Наваррете 7-раундта техникалық шешіммен (TD) жеңіске жетті.

Текст: Аян Алмас