Костя Цзю: Бүгін бізді Шымкентте керемет бокс кеші күтіп тұр

2024 ж. 8 маусым
Костя Цзю: Бүгін бізді Шымкентте керемет бокс кеші күтіп тұр

Атақты боксшы Костя Цзюды жанкүйерлер жақсы біледі. Ол бүгін Шымкенттегі «Көрме»орталығында өтетін халықаралық кәсіпқой бокс кешінің құрметті қонағы болмақ. Irfin Promotions промоутерлік компаниясы ұйымдастырып жатқан керемет кештің алдында әуесқой және кәсіпқой бокста орасан зор табысқа жеткен Костя Цзюды аз-кем әңгімеге тартқан едік.

– Шымкентке қош келдіңіз?Бұрын-сонды бұл қалада болдыңыз ба?

Мен Қазақстанға сонау 1985 жылдан бері бірнеше келдім. Бірақ ешқашан Шымкентке жолым түспепті. Алғаш рет келіп тұрмын. Астана мен Алматыда ғана болғанмын. Қала көрікті, жылы, ұнап жатыр.

– Бүгінгі кәсіпқой бокс кешінен не күтесіз?

– Алдымен жарыстың бағдарламасын қарап шығуым керек.Әлі толық кімдер жекпе-жек өткізетінін қараған жоқпын. Өте қызықты бокс кеші өтеді деп сенемін. Бірінші кезекте біз мұндай шоуларды жанкүйерлер, көрермендер үшін ұйымдастырамыз. Сондықтан драмаға толы, қызықты жекпе-жектер күтеміз. Бастысы, жарақат аз болғанын қалаймыз. Бірақ спорт болған соң, ондай кездесіп тұрады.

– Соңғы рет Қазақстанға қашан келдіңіз?

– Осыдан 10 жыл бұрын жолым түскен.

– Қазақ боксының аңызы Серік Қонақбаевпен жақсы қарым-қатынаста екеніңізді білеміз. Бұл жолы сізді кім шақырды?

– Әлбетте, Серік Керімбекұлы.

– Бір сұхбатыңызда боксқа келуіңізге басты себепші болған әрі өміріңізді өзгертуге үлес қосқан адам ретінде Серік Қонақбаевты атапсыз?

– Иә, ол рас. Ата-анам соның арқасында мені боксқа баулыған. Ол - Серік Қонақбаев. Оны көрген анам менің де боксшы болғанымды қалады. Бұл Мәскеу Олимпиадасына дейін болатын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Айта кетейік, бүгінсағат 19:00-де Шымкент қаласының «Көрме» орталығында кәсіби бокс кеші өтеді. Оның аясында Қазақстанның болашағынан үміт күттіретін боксшылары алыс және жақын шет елдердің тәжірибелі қарсыластарымен жекпе-жек өткізеді.

Irfin Promotions промоутерлік компаниясы ұйымдастыратын турнир аясында Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Филиппин, Тайланд, Моңғолия және Қытайдан келген былғары қолғап шеберлері жұдырықтасады.

Кештің басты жекпе-жегінде Түркістанның тумасы Нұрдос Төлебай (11-0, 9 КО) жеңіл салмақтағы Таиландтың қазіргі чемпионы Анусон Зонлюангпен (20-4-1, 16 КО) кездеседі.

Айтпақшы, боксшыға Шымкентте қазақтың қамшысы сыйға тартылды.