Каллум Смит Джордж Гроувзды нокаутқа түсіріп, WBSS чемпионы атанды

2018 ж. 29 қыркүйек
Каллум Смит Джордж Гроувзды нокаутқа түсіріп, WBSS чемпионы атанды

Дүниежүзілік бокс супер сериясының көптен күткен екінші финалы аяқталды. Сауд Арабиясының Джидда қаласында өткен жекпе-жек кешінде ұлыбританиялық Каллум Смит өзінің отандасы Джордж Гроувзды нокаутқа түсіріп, Мүхамед Әли кубогымен бірге екінші орта салмақтағы WBA Super чемпиондық белбеуін жеңіп алды.

Әу баста көпшілік бұл текетірестің фавориті ретінде Гроувзды санаған. Қанша дегенмен шаршы алаңдағы тәжірибесі мол еді. Кәсіпқой бокста 2008 жылдан бері жүр. Өзінің оппоненті Каллум Смитке қарағанда кездескен мықты боксшылары көп. Арасында Карл Фроч, Баду Джек, Мартин Мюррей, Джеймс ДиГейл, Федор Чудинов, Крис Юбенк сынды мықтылар бар. Оның үстіне, соққысы да жойқы. Оны қарсыластарының бәрі айтып жүр. Кезінде Геннадий Головкин де мойындаған. Рас, Каллум Смит те оңай шағылар жаңғақ емес. Кәсіпқой бокста әлі жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген. Алайда, тегеурінді қарсыласпен жұдырықтасып тұрғаны осы ғана.

Ал жекпе-жек үшінші раундтан кейін-ақ қыза түсті. Қос боксшы да шаршы алаңның ортасына тұрып алып, аянбай айқасты. Ұпай айырмашылығымен Гроувз жеңіп жатқандай көрінген. Кенет, жетінші раундта жекпе-жек күтпеген жерден аяқталып қалды. Гроувз әдеттегідей алға адымдай басып, сериялық соққыларын жаудырып жатты. Алайда, қорғана шегінген Смит сол қолмен хук лақтырып қалып еді, Джордждың есеңгіреп қалғаны байқалды. Сол-ақ екен, қарсыласының әлсіз жерін байқап қалған Каллум отандасын бұрышқа тығып алып, жан-жақтан жойқын соққыларын сілтеумен болды. Нокаут. Төреші 10-ға дейін санағанда Гроувз ес жоғалтпаған еді, бірақ айқасты әрі қарай жалғастырғысы келген жоқ.

Осылайша Каллум Смит Дүниежүзілік бокс сериясының алғашқы маусымының жеңімпазы атанды. Еншісіне Мұхамед Әли кубогын жазып, WBA Super және WBC Diamond чемпиондық белбеулерін, сондай-ақ The Ring чемпиондық атағын жеңіп алды. Бұл жекпе-жектен кейін Смиттің рекордсы 25-0, 18КО-ға жетсе, Гроувз 32-ші айқасының төртіншісінде жеңіліп қалды.

Текст: Sadvakas Maikibayev