Irfin Promotions жаңа таланттарды тауып, АҚШ пен Еуропа нарығына шығуды көздейді – Бағдәулет Төреханов
21 қыркүйекте Алматыда Irfin Promotions компаниясының ұйымдастыруымен кезекті кәсіпқой бокс кеші өтеді. Алатау бөктеріндегі шоудың бағдарламасына 8 кездесу енген. Әр жекпе-жекте отандық боксшылар шетелдік шойын жұдырық иелерімен айқасады. Аталған бокс кешінің қарсаңында Irfin Promotions компаниясының бас директоры Бағдәулет Төрехановпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Бағдәулет мырза, 21 қыркүйектегі бокс кешіне дайындық қалай жүріп жатыр? Жанкүйерлер тарапынан қызығушылық бар ма?
– Алматы қаласындағы Sadu Arena-да өтетін кәсіпқой бокс кешіне дайындық жоспар бойынша жүріп жатыр. Қазіргі таңда аренаны дайындау жұмыстары қызу жүргізілуде. Жаңадан құрылған промоушн болған соң, жанкүйерлер мен боксшылар тарапынан қызығушылық жоғары деңгейде деуге болады.
– Шымкентте өткен алғашқы кештен айырмашылығы қандай болмақ?
– Бұл жолғы шоудың басты айырмашылығы – жартылай орта салмақ дәрежесінде WBA Asia тұжырымы бойынша чемпиондық белбеу сарапқа салынады. Қазіргі чемпион Киттисак Клинсонд (Таиланд) белбеуін отандасымыз Руслан Мәдиевке қарсы қорғайды. Жанкүйерлер Русланның кәсіпқой бокс әлеміндегі ең беделді Golden Boy промоутерлік компаниясымен жұмыс істегенін жақсы біледі. Ол жекпе-жектерінің басым бөлігін АҚШ-та өткізіп, жақсы тәжірибе жинады. Өкінішке қарай, Руслан бір жарым жылдай рингке шыққан жоқ. Десе де, осы кеште өзінің бағын сынап, чемпиондық белбеуді Қазақстанда алып қалады деген сенімдеміз. Сондай-ақ біз шетелден рейтингі жоғары, тәжірибелі боксшыларды шақырып отырмыз. Біздің жігіттерге жақсы сынақ болайын деп тұр. Сонымен қатар аталған бокс кешіне WBA Asia атқарушы хатшысы Вон Ким мырза да келуге тиіс. Ким мырза чемпиондық жекпе-жектің супервайзері болады.
– Қазақ боксшылары қалай дайындалып жатыр? Әрқайсысы бөлек пе әлде бәрі бір залда жаттығып жүр ме?
– Қазақ боксшылары тыңғылықты лагерь жасады. Әрқайсысы өз командаларымен бөлек-бөлек дайындалды. Мәселен, алматылық боксшылар Нұрдос Төлебай, ағайынды Төлтаевтар және Армат Арманұлы бір залда, бір бапкердің қол астында дайындалып жатыр. Боксшылардың спаррингтерін көрдім, физикалық және техникалық тұрғыда дайындықтары жақсы. Алдағы кеште жақсы өнер көрсетеді деген сенім бар.
– Irfin Promotions компаниясының негізгі бағыты қандай? Алматыдағы кештен кейін тағы қандай жоспарларыңыз бар?
– Біздің басты мақсатымыз – қазақ кәсіпқой боксындағы жаңа есімдерді іздеу, Қазақстанда кәсіби боксқа жаңа серпін беру, кәсіби бокс индустриясын дамыту. Жаңа таланттарды тауып, АҚШ, Жапония, Еуропа нарығына шығу, алпауыт промоутерлермен серіктестік орнату. Алматыдағы кештен соң жыл соңына дейін тағы бір кеш өткізуді жоспарлап отырмыз.
– Irfin Promotions компаниясын Аманат Қонақбаев құрғанын жақсы білеміз. Қазақтың даңқты боксшысы Серік Қонақбаевтың баласы. Серік ағамыз қаншалықты көмектесіп тұрады? Ол кісі тарапынан қолдау бар ма?
– Иә, Аманат Қонақбаев жас бизнесмен азамат. Аманат Серікұлы промоушнның стратегиялық дамуына жауапты. Әрине, бұл компанияны Серік Керімбекұлының батасын алып аштық. Ол кісі бізге ақыл-кеңестерін айтып отырады. Сондықтан біз көрмей қалған жайттар ол кісінің назарынан тыс қалмайды. Жалпы, Серік ағамыз командалық жұмысқа көп көңіл бөледі, әрқайсымыздың пікірімізді тыңдап, өзінің ойын айтады. Компания құрылғанда өзінің басты талабы болды. Яғни, сапалы жекпе-жектер өткізу және төрешілер тарапынан ешқандай бұра тартушылыққа жол бермеу. Сол бағытта жұмыс істеуге бар күшімізді салып жатырмыз.
– Алдағы уақытта жаңа боксшыларды тартасыздар ма? Кімдер келісім берді?
– Алда өтетін кештерге жаңа боксшыларды тарту жоспарланып отыр. Біздің кешке көптеген кәсіби боксшылардан қызығушылық бар. Сондықтан Алматыдағы кештен кейін ақылдаса отырып, келесі кешке жаңа боксшыларды шақырамыз.
– Боксшыларға гонорар жекпе-жектегі жеңістеріне ғана төлене ме? Әлде одан да басқа ақшалай қолдау бар ма?
– Біз әр боксшыға келісімшарт ұсынамыз. Аталған келісімшартта бекітілген гонорар болады. Сондай-ақ кейбір боксшыларға жекпе-жекке дайындық барысында витаминдер, бапкер және жаттығу залымен қамтамасыз етуге қолғабыс жасап жатырмыз.
– Шетелдік боксшылармен келіссөздерді кім жүргізеді? Оларды Қазақстанға алып келу қаншалықты қиын?
– Шетелдік боксшылармен келіссөзді матчмэйкер жүргізеді. Бұл өте жауапты іс, себебі шетелдік боксшылардың Қазақстанға келіп, елдеріне аман қайтуына бірден-бір жауапты адам – матчмэйкер. Бұл жұмыс кәсібилікті талап ететін сала.
– Сөз соңында жанкүйерлерге не айтасыз? 21 қыркүйектегі кешке қатысты айтар тілегіңіз болса?
– Бокс кешіне бүкіл бокс жанашырларын, жанкүйерлерін шақырамыз. Себебі жекпе-жектер өте тартысты, драмаға толы болмақ. Қазақ жігіттері шетелдік боксшыларға қарсы өнер көрсетеді. Тартысты жекпе-жектерде қазақ жігіттеріне жанкүйер болып, қолдауға шақырамын. Боксшыларымыз үшін осы кеш сәтті өтіп, мақсаттарына жетсе, біздің жоспар орындалды деген сөз. Сондай-ақ көрермендер кештен жақсы әсер алып қайтса, бізге сол үлкен жетістік.
– Сүбелі сұхбатыңызға көп рахмет!