​WBA Continental титулы: Қазақстандық боксшылар үшін қызық па?

2025 ж. 24 наурыз
​WBA Continental титулы: Қазақстандық боксшылар үшін қызық па?

5 сәуір күні Астанада өтетін жұлдызды бокс кешінің бағдарламасында қазақстандық боксшылар WBA Continental белбеуі үшін екі жекпе-жек өткізеді. Ringkz.com порталы қазіргі уақытта осы титулға ие танымал боксшылар туралы айтып бермек.

Батыржан Жүкембаев пен Сұлтан Зауырбек

5 сәуірде қазақстандық кәсіпқой боксшы Батыржан Жукембаев (23-1, 17 КО) бірінші жартылай орта салмақта – 63,5 келіге дейінгі ваканттық WBA Continental белбеуі үшін айқасқа түседі. Оның қарсыласы – Ұлыбританиялық Кейн Гарднер (17-4, 7 КО).

Ал екінші жартылай жеңіл салмақта – 59 келіге дейін өнер көрсететін Сұлтан Зауырбек (19-0, 13 КО) қазірдің өзінде WBA Continental титулының иегері. Сондықтан ол Астанадағы жекпе-жегінде титулын Оңтүстік Африкадан келген Азинга Фузилеге (18-2, 12 КО) қарсы қорғайды.

Егер WBA Continental белбеуінің қазіргі иелеріне көз жүгіртсек, бұл титулға мықты боксшылардың қызығушылық танытып отырғанын байқауға болады.

Фабио Уордли

Ең ауыр салмақ дәрежесінен бастайық – 90,7 келіден жоғары салмақтағы WBA Continental чемпионы.

Бұл титулдың қазіргі иесі – Ұлыбританиялық Фабио Уордли (18-0-1, 17 КО). Ол әлі танымал суперауыр боксшылардың көлеңкесінде қалғанымен, 30 жастағы Уордли үлкен жекпе-жектерге жақын қалды. Қазір ол үш беделді рейтингтің ТОП-3 қатарына кіреді: WBC – №3, WBA – №1, WBO – №3. Сонымен қатар, WBA Continental титулынан бөлек, Ұлыбритания чемпионы және Британдық Достастық чемпионы атақтарының иегері.

Алойз Юмби

Бұл жас британдық боксшы – 90,7 келіге дейінгі бірінші ауыр салмақта өнер көрсетеді.

Алойз Юмби (9-1, 8 КО) жақын арада суперауыр салмаққа ауысуы мүмкін. Бар-жоғы 21 жастағы бұл спортшы болашағы зор боксшылардың бірі саналады. Сондықтан WBA Continental белбеуі оған болашақ үлкен жетістіктер алдындағы дайындық кезеңі болмақ.

Дензел Бентли

Орта салмақта (72,6 кг) өнер көрсететін бұл британдық боксшының басты мақсаты – IBF және WBO чемпиондық белбеулерін қазақстандық Жәнібек Әлімханұлынан (16-0, 11 КО) тартып алу.

Дензел Бентли (21-3-1, 17 КО) Жәнібекпен 2022 жылдың қарашасында кездескен. Бұл жекпе-жек Әлімханұлының мансабындағы ең қиын шайқас деп есептеледі. Қазіргі уақытта Бентли WBO рейтингінде бірінші орында тұр және Ұлыбритания чемпионы, Еуропа чемпионы, сондай-ақ WBA Continental және WBO International титулдарының иегері.

Пэдди Донован, Макси Хьюз және басқалар

Бұл тізімде тек төрт WBA Continental чемпионы, соның ішінде қазақстандық Сұлтан Зауырбек көрсетілгенімен, басқа да мықты боксшылар бар.

Мысалы жартылай орта салмақта (66,7 кг) өнер көрсететін ирландиялық Пэдди Донован (14-1, 11 КО) немесе жеңіл салмақта (61,2 кг) жұдырықтасатын британдық Макси Хьюз (28-7-2, 6 КО) осы титулға ие.

Жалпы, WBA Continental белбеуі бүгінде көптеген танымал боксшылардың назарын аудартатын беделді трофей болып қала бермек.

Астанадағы кеш

Еске салсақ, 5 сәуірде Астанада өтетін Battle of the Brave (Ержүректер шайқасы) бокс кеші өтеді. Басты ұйымдастырушы - Nomad Promotions промоутерлік компаниясы. Осы орайда Ringkz.com порталы елордада өтетін осындай айтулы іс-шараның басты ерекшеліктеріне тоқталып, шолу әзірлеген еді. "5 СӘУІРДЕГІ АСТАНАДА ӨТЕТІН БОКС КЕШІ: НЕГІЗГІ 5 ЕРЕКШЕЛІК" атты материалымызды мына жерден оқи аласыздар.

Сондай-ақ сол кеште өнер көрсететін барлық жұптар бойынша ақпараттын "ӘР ЖЕКПЕ-ЖЕК – ОҚИҒА: Астанадағы бокс кешінің жекпе-жек жұптары. I бөлім" және "ӘР ЖЕКПЕ-ЖЕК – ОҚИҒА: Астанадағы бокс кешінің жекпе-жек жұптары. ІІ бөлім" деген материалдарымыздан таныса аласыздар.

Бұдан бөлек Жәнібек Әлімханұлының қарсыласы Анауэль Нгамиссенге туралы білгіңіз келсе мына материалымызды оқуға кеңес береміз.

Текст: Аян Алмас