СӘТ КЕЛДІ: Сұлтан Зауырбек қандай титулға үмітті?

2025 ж. 22 наурыз
СӘТ КЕЛДІ: Сұлтан Зауырбек қандай титулға үмітті?

5 сәуірде Астанада өтетін бокс кешінде қазақстандық Сұлтан Зауырбек екінші жартылай жеңіл салмақтағы IBF Intercontinental белбеуі үшін жұдырықтасады. Осыған байланысты "Бұл титулды бұрын қандай мықты боксшылар иеленді?"деген сұрақ тауындауы мүмкін. Біз соған жауап берейік.

Сол баяғы Кишон Дэвис

IBF Intercontinental белбеуінің иегерлерінің тізімі ұзақ болуы мүмкін. Бірақ жақында ғана бұл титулды өзіне сенімді түрде жеңіп алған бір боксшы бар. Ол – 26 жастағы америкалық Кишон Дэвис (13-0, 9 КО). Ол кәсіпқой рингке 2021 жылдың соңында шыққан және өз талантын толықтай дәлелдеп келеді.

Кишон 61,2 келіге дейінгі жеңіл салмақта өнер көрсетеді. 2025 жылдың 14 ақпанында ол WBO нұсқасы бойынша өзінің алғашқы әлем чемпионы белбеуін жеңіп алды. Ол украиналық бұрынғы чемпион Денис Беринчикті (19-1, 9 КО) төртінші раундта нокаутқа түсірді.

IBF Intercontinental белбеуінің жолы

Бұған дейін, яғни 2024 жылдың қараша айында, Дэвис IBF Intercontinental белбеуін жеңіп алған болатын. Бұл титул үшін ол аргентиналық Густаво Лемоспен (29-2, 19 КО) жекпе-жек өткізді. Кәсіби тәжірибесі мол Лемос бар болғаны екінші раундтың басында-ақ нокаутқа түсті.

Айта кетейік, қазіргі таңда, 21 наурыздағы IBF сайтының мәліметіне сәйкес, Кишон Дэвис әлі де осы титулдың иегері болып тұр.

Кімдер рингке шығады?

5 сәуірде Астанада өтетін бокс кешінде Сұлтан Зауырбек (19-0, 13 КО) пен Оңтүстік Африка Республикасының өкілі Азинга Фузиле (18-2, 12 КО) арасындағы жекпе-жек ко-мейн ивент ретінде жарияланған.

Екі боксшының да жасы – 28-де. Бірақ Фузиленің кәсіпқой мансабында IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы титулы үшін таласқан тәжірибесі бар. Ол 2021 жылы Нью-Йорктегі әйгілі Madison Square Garden Theater аренасында жапондық Кеничи Огавамен (29-2-1, 20 КО) жекпе-жек өткізіп, 12 раунд қорытындысы бойынша ұпай санымен жеңіліп қалған.

Жеңістің маңызы

Қазіргі уақытта IBF рейтингінде 59 келіге дейінгі салмақта Зауырбек 5-орында тұр. Егер ол 5 сәуірде жеңіске жетіп, IBF Intercontinental белбеуін иеленсе, рейтингі жоғарылап, әлем чемпионы титулы үшін жекпе-жек өткізу мүмкіндігі арта түспек.

Әсіресе, дәл қазір IBF чемпиондық белбеуі бос тұрғанын және рейтингтің бірінші сатысы да вакант екенін ескерсек, бұл жекпе-жек Сұлтан үшін аса маңызды болмақ.

Не білу керек?

Еске салсақ, 5 сәуірде Астанада өтетін Battle of the Brave (Ержүректер шайқасы) бокс кеші өтеді. Басты ұйымдастырушы - Nomad Promotions промоутерлік компаниясы. Осы орайда Ringkz.com порталы елордада өтетін осындай айтулы іс-шараның басты ерекшеліктеріне тоқталып, шолу әзірлеген еді. "5 СӘУІРДЕГІ АСТАНАДА ӨТЕТІН БОКС КЕШІ: НЕГІЗГІ 5 ЕРЕКШЕЛІК" атты материалымызды мына жерден оқи аласыздар.

Сондай-ақ сол кеште өнер көрсететін барлық жұптар бойынша ақпараттын "ӘР ЖЕКПЕ-ЖЕК – ОҚИҒА: Астанадағы бокс кешінің жекпе-жек жұптары. I бөлім" және "ӘР ЖЕКПЕ-ЖЕК – ОҚИҒА: Астанадағы бокс кешінің жекпе-жек жұптары. ІІ бөлім" деген материалдарымыздан таныса аласыздар.

Бұдан бөлек Жәнібек Әлімханұлының қарсыласы Анауэль Нгамиссенге туралы білгіңіз келсе мына материалымызды оқуға кеңес береміз.