Головкин мен Шеремета қай шаһарда шайқасады?
Әу баста Геннадий Головкин (40-1-1, 35 KO) және Камил Шеремета (21-0, 5 KO) жекпе-жегі 29 ақпан күні Чикагода өтетін болып, жоспарланған секілді еді. Көп ұзамай, әр түрлі себептерге байланысты осы жекпе-жектің 28 наурызға шегерілгендігі мәлім болды. Әрі Чикаго немесе Калифорнияда ұйымдастырылатындай болған-ды. Енді, шетелдік басылымдардың промоутер Эдди Хирннің сөзіне сілтеме жасап, жариялап отырған ақпараттарына сенсек, 11 сәуірде өтуі ықтимал екен.
Бұл ретте Matchroom Boxing басшысы Эдди Хирн «Иә, бұл мүмкіндікті біз егжей-тегжей қарастырып жатырмыз, бірақ әлі түпкілікті шешілген жоқ. Әрі осы жекпе-жектің Қазақстанда өтуі де ғажап емес», – депті беделді шетелдік басылымдарға. Нұр үстіне нұр дейміз. Қазақтың күрзі жұдырықты тарланы келесі жекпе-жегін туған елінде өткізсе, оған отандастьары тек қуанар еді.
Өйткені, GGG кәсіпқой боксқа ауысқалы қазақ топырағында бір-ақ рет өнер көрсетті. Естеріңізде болар, 2010 жылы 16 желтоқсан күні астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде Панама боксшысы Нильсон Хулио Тапианы (15-3-1, 11 KO) үшінші раундта нокаутқа түсірген. Әрі WBA тұжырымы бойынша чемпиондық атағын бірінші рет қорғап қалған.
Осы ретте айта кетейік, 8 сәуірде 38-ге толатын жерлесіміз былтыр, яғни 2019 жылы 5 қазанда Украина үміті Сергей Деревянченкомен (13-2, 10 KO) айқасып, төрешілер шешімімен IBF тұжырымы бойынша бос қалған чемпиондық атақты жеңіп алған. Ал поляк Камил Шеремета осы жекпе-жектің андеркардында Америкадағы алғашқы айқасын өткізіп, Мексиканың тәжірибелі және қарымды боксшысы Оскар Кортесті (27-5, 14 KO) екінші раундта нокаутқа түсірген. Әрі чемпиондық атақтан міндетті үміткер мәртебесіне қол жеткізген.