Гарсия мен Варгас – Төрт және екі салмақта чемпион болған өжет жігіттер айқасады
Ертең таңертең Американың Фриско қаласында (Техас штаты) екі экс-чемпион жұдырық түйістіреді. Жартылай орта салмақта Майки Гарсия (39-1, 30 KO) және Джесси Варгас (29-2-2, 11 KO) 12 раундтық жекпе-жекте WBC Diamond белбеуін сарапқа салады.
Тамырында Мексика қаны соққан, америкалық Майки Гарсия – төрт салмақта әлем чемпионы болған боксшы. Ол жартылай жеңіл салмақта WBO және The Ring (2013 ж), екінші жартылай жеңіл салмақта WBO (2013 – 2014 жж), жеңіл салмақта WBC (2017 – 2019 жж) және IBF (2018 ж), бірінші орта салмақта IBF (2018 ж) және WBC Diamond (2017 – 2018) дүние жүзі чемпионы атанған.
Майки (Мигель) Гарсия төрт әлем чемпионын жеңіп, чемпиондық атақтары мен белбеулерін тартып алған. Енді бесінші салмақта, атап айтқанда, жартылай орта салмақта топ жаруды көздейді. Былтыр осы салмақта Эррол Спенстен (26-0, 21 KO) төрешілердің бірауызды шешімімен ұтылып қалып, арманына жете алмаған. Биыл тағы да бағын сынап көрмек екен.
Джесси Варгас болса, бірінші жартылай орта салмақта WBA (2014 – 2015 жж), жартылай орта салмақта WBO (2016 ж) тұжырымдары бойынша әлем чемпионы болған. 2015 жылы Тимоти Брэдлиге (33-2-1, 13 KO) есе жіберіп алған. Ал 2016 жылы әйгілі Мэнни Пакьяодан (62-7-2, 39 KO) ұтылып, чемпиондық атағы мен белбеуінен айырылып қалған.
Жекпе-жек қарсаңындағы салмақ өлшеу рәсімінде Майки Гарсия 145,8 фунт (66,13 келі) тартса, Джесси Варгас 147 фунт (66,67 келі) болды. Екеуі де тек жеңіске жетуді ойлайтындықтарын білдірді. Ал бокс жанкүйерлері «егер Майки Гарсия жеңіске жетіп, арманына жетсе, жеңіл салмақтағы Василь Ломаченкомен (14-1, 10 KO) кездесер ме екен» деп тағатсызданып жүр...