Абсолютке апарар жол: Альварес–Скулл жекпе-жегінен не күтуге болады?

Бокстағы аса маңызды оқиға 2025 жылдың 3 мамырында Эр-Риядта өтеді. Аңызға айналған Сауль "Канело" Альварес 8 айлық үзілістен кейін алғаш рет рингке оралады. Оның мақсаты – екінші орта салмақтағы (76,2 келіге дейін) абсолютті әлем чемпионы атағын қайта иелену. WBC, WBA Super және WBO белбеулерінің иегері бұл жолы әзірге жеңілмеген IBF тұжырымының чемпионы – қауіпті қарсылас Уильям Скуллмен жұдырықтасады.
Канело қаламаған жекпе-жектер
Сауль «Канело» Альварес Скуллмен жекпе-жекке шығуға аса құлшыныс танытпаған. Бұл туралы өткен жылғы жаңалықтардан-ақ байқауға болады.
Сол себепті мексикалық боксшы абсолют чемпион атағынан айырылды. Әдеттегідей қатаң қағидаға сүйенетін IBF өз ережелерінен аттамай, Канелоның титулын тартып алды. Осылайша, кубалық Уильям Скуллмен тез арада жекпе-жек өткізу міндетінен де құтылды.
Альваресті түсінуге болады. Қазіргі заманның басты жұлдыздарының бірі ретінде оған енді титулдар аса қажет емес, керісінше, титул иелері оны іздейді. Ал Скуллге деген көрермен қызығушылығы өте аз. Сондықтан Канело сол кезде Скуллдің орнына Эдгар Берлангамен жекпе-жек өткізуді жөн көрді.
Теренс Кроуфордқа қарсы да ол бастапқыда шығуға ниетті болмаған. Кроуфорд Скуллмен салыстырғанда буыны қатайған мықты қарсылас саналса да, Канело онымен жекпе-жекке шығудан бас тартты.
2024 жылғы қыркүйекте Альварес былай деген:
«Кроуфордпен жекпе-жек туралы бәрі айтып жатыр. Бірақ маған бұл ұсыныс ұнамайды. Өйткені Теренс те кезінде Джервонта Дэвиске қарсы жекпе-жек жайлы ұсынысқа: "Маған ешкім баға бермейді", — деп жауап берген еді. Бұл дәл сондай жағдай. Сондықтан мен Канело — Кроуфорд жекпе-жегіне "Жоқ" деймін».
Шынында да, Канело жеңіске жетсе, лайықты бағаланбайды. Ал жеңілсе, сыншылар оны жерден алып, жерге салады.
Бірақ енді бар-жоғы бірнеше сағаттан кейін Альварес Скуллге қарсы рингке шығады. Ал егер бәрі жоспар бойынша өтсе, қыркүйекте Кроуфордпен жұдырықтасады.
Канелоны бастапқы ұстанымынан бас тартуға не мәжбүр етті? Жауап алдымызда.
Канело қалаған жекпе-жектер
Ақпан айының басында Альварестің Турки әл аш-Шейхпен 4 жекпе-жекке келісімшартқа отырғаны белгілі болды. Осы келісім бәрін түсіндіреді.
Нақты сома айтылмаса да, бұл келісімшарт Канелоның бизнес-интуициясы мен келіссөз жүргізу шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Альварес Туркидің Кроуфордпен жекпе-жек өткізуді қатты қалайтынын білген соң, Джейк Полмен кездесу туралы сөз қозғай бастады. Бұл – көрілім саны бойынша рекорд жаңартуы мүмкін шоу. Мұндай шоуды Турки өз бақылауына алу үшін Канелоны жылдам арада көндіруге мәжбүр болды.
Сол арқылы Альварестің абсолют чемпион атағын қайтару жоспарлары да іске қосылды.
Скулл деген кім?
Уильям Скуллдің рөлі түсінікті. Бір қарағанда, оның жағдайы аянышты көрінуі мүмкін. Бірақ қазіргі қаламақысын ол бұған дейін бүкіл мансабында таба алмаған болар еді.
Скулл біршама тәжірибесі мен жүздеген әуесқой жекпе-жегі бар кубалық боксшы. Бірақ халықаралық деңгейде айтарлықтай жетістікке жетпеген. Кәсіби мансабын 2016 жылы Аргентинада бастап, кейін Германияға көшіп, Agon Sports компаниясымен келісімшартқа отырған.
2022 жылға қарай 18 жеңіске жеткенімен, айтарлықтай қарсыластармен кездеспеген. Бірақ ол IBF титулы үшін Шишкинмен жекпе-жекте ұпай бойынша жеңіске жетіп, чемпион атанды.
Скулл Канелоға қарсы кездесуде аутсайдер. Оның джебі жаман емес, қарсы шабуылдаушы ретінде де мықты. Бірақ Канело сияқты қарсыласты жеңу үшін жеткіліксіз.
Ол Канелоға төтеп беруі мүмкін, бірақ бұл – максимум. Кубалық үшін бұл жекпе-жек үлкен сахнаға шыққан сәті ғана.
Жекпе-жек алдындағы сөздер
Канело:
«Ол — кубалық бокс мектебінің өкілі. Бұл — өте күрделі стиль. Ол рингте қозғалысты жақсы пайдаланады, джебі мықты. Бұл — мықты деңгейдегі боксшы және әлем чемпионы. Мен бұл салмақта екі дүркін абсолют чемпион болғым келеді».
Скулл:
«Мен не істегім келетінін жақсы білемін. 3 мамырда өз шеберлігімді көрсетемін. Қазір өзімді өте жақсы сезініп жүрмін. Жанкүйерлерге тамаша жекпе-жек сыйлаймын деп сенемін. Мен бұған дайынмын».
Қашан және қайда?
Бокс кеші 4 мамыр 2025 жылы өтеді. Басталуы Астана уақытымен 08:00-де. Тікелей эфир — DAZN стриминг платформасында.
Файткард:
- Сауль Альварес (62-2-2, 39 KO) — Уильям Скулл (23-0, 9 KO)
- Баду Джек — Ноэль Микаэлян.
- Бруно Сурас — Хайме Мунгиа.
- Мартин Баколе — Эфе Аджагба.
- Марко Верде — Мичел Галван.
- Брайан Леон — Аарон Роча.
- Ричард Риакпоре — TBA.