Джейкобс неге Головкинді жақтады?
Америкалық боксшы Дэниел Джейкобс Халықаралық бокс федерациясының Головкиннен IBF белбеуін алып қойғаны байланысты пікірін білдіріп, қазақстандықты Флойд Мейуэзермен салыстырды.
Естеріңізге сала кетейік, маусым айында IBF Геннадий Головкинді чемпиондық белбеуден айырған болатын. Енді бұл белбеуге 27 қазан күні Нью-Йоркте Дэниел Джейкобс пен украиналық Сергей Деревьянченко таласады. Джейкобс былтыр Triple G-мен кездесіп, 12 раундтың қорытындысы бойынша жеңіліп қалған болатын. BoxingScene.com сайтына сұхбат берген Джейкобс Халықаралық бокс федерациясының Головкиннен чемпиондық белбеуді алып қоюына байланысты былай деп пікір білдірді.
– Головкин Деревьянченкодан қорқып кетті деп ойламаймын. Бар мәселе бизнесте. Өздеріңіз де білесіздер, Головкин бокс әлемі үшін өте маңызды тұлға. Ол чемпиондық деңгейден асып кеткен боксшы. Кезінде Флойд Мейуезер де сондай болған. 2009 жылы боксқа қайта оралғанда ол чемпиондық жекпе-жектерді емес, табыс түсіретін айқастарды іздеді. Оған белбеулердің қажеті болған жоқ. Есімі әлемге танымал боксшыларды таңдады. Головкин де қаржы жағынан тиімді жекпе-жектерді қалағаны рас. Бұл үшін оны жазғыруға болмайды. Бокс – бұл бизнес. Өзім де солай. Үздіктермен, мықтылармен жұдырықтасқым келеді. Деревьянченкомен болатын жекпе-жек маған чемпиондық мәртебе әкеле алады. Ал бұл дегеніміз, келесі айқастарда жаңа бағыттар ашылады деген сөз, – деді Дэниел Джейкобс.
Triple G келесі айқасын 15 қыркүйек күні Лас-Вегаста Сауль Канело Альвареске қарсы өткізеді.