Әуесқой әрі кәсіпқой бокстың аңызы: Василий Ломаченко мансабын аяқтады

2025 ж. 8 маусым
Әуесқой әрі кәсіпқой бокстың аңызы: Василий Ломаченко мансабын аяқтады

Үш салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанып, екі дүркін Олимпиада чемпионы болған украиналық боксшы Василий Ломаченко спорттағы мансабын аяқтағанын хабарлады. Ол өзінің соңғы кәсіби жекпе-жегін өткен жылдың мамыр айында өткізіп, IBF нұсқасы бойынша жеңіл салмақта әлем чемпионы атанған еді. Жалпы кәсіби мансабында Ломаченко 18 жеңіске жетіп, 3 рет жеңіліске ұшырады.

Әлеуметтік желі арқылы қоштасу...

«Кез келген боксшының өмірінде бір сәт келеді — ол кезде қолғапты шегеге ілуге тура келеді. Біздің тарихымызда сол күн туды», — деді 37 жастағы боксшы әлеуметтік желіде жарияланған видеода.

Ломаченко 2008 жылы Бейжіңде және 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алған соң, АҚШ-та кәсіби мансабын бастаған. Үшінші жекпе-жекте-ақ әлем чемпионы атанып, кейін жетінші кездесуінде екі салмақта, ал 12-жекпе-жекте үш салмақта әлем чемпионы болған.

2017 жылы ол «Жыл боксшысы» атанып, бір кездері салмақ дәрежесіне қарамастан (P4P) әлемнің үздік боксшысы болып танылған. Ол үш салмақта жалпы 17 чемпиондық кездесу өткізіп, тек абсолютті чемпион атауы ғана оған бұйырмады.

Өзінің қоштасу сөзінде Ломаченко Аллаға, әкесі әрі бапкері Анатолий Ломаченкоға, менеджері Эгис Климасқа және промоутері Боб Арумға, сондай-ақ командасындағы басқа адамдарға алғыс айтты.

«Әрине, сіздер туралы айтпай кету әділетсіз болар еді – құрметті бокс жанкүйерлері! Сіздер әрдайым ыстық қолдау көрсетіп, осы ұмытылмас жекпе-жектерді бірге өткердіңіздер. Сіздерге боксты дәл солай жақсы көріп, оны құрметтеуді тілеймін. Себебі рингке шығатын жігіттер өз отбасылары үшін денсаулығын тәуекелге тігеді. Баршаңызға бейбітшілік», – деді Ломаченко.

Әуесқой мансабы

Василий Ломаченко спортшы отбасында дүниеге келген. Әкесі – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, кейін бокс бапкері болған. Анасы – акробатика жаттықтырушысы.

Бала кезінде тек бокспен ғана емес, футбол, баскетбол, ескек есу, гимнастика, хоккей сияқты бірнеше спорт түрімен айналысқан. Ал қимыл-қозғалысын және аяқпен жұмыс істеу шеберлігін дамыту үшін әкесі әрі бапкері Анатолий Ломаченко оны би үйірмесіне берген.

Талантты спортшы алғашқы ірі жетістігіне 16 жасында жетті – кадеттер арасында Еуропа чемпионы атанды. 2005 жылы алғаш рет ересектер арасында (53 келіге дейін) Украина чемпионы атанды. 2006 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында топ жарды.

2007 жылы ересектер арасындағы әлем чемпионатына алғаш рет қатысып (57 келіге дейін), финалда ресейлік Альберт Селимовтен жеңілді. Бұл жеңіліс Ломаченконың әуесқой мансабындағы алғашқы және соңғы жеңілісі болды. Кейін ол Еуропа чемпионаты мен Олимпиада ойындарында (екеуі де 2008 жылы) жеңіске жетіп, өз есесін қайтарды. Бейжің Олимпиадасында турнирдің үздік боксшысына берілетін Вэл Баркер кубогын иеленді.

2009 жылы алғаш рет әлем чемпионы атанды. Ал 2010 жылы бицепс жарақатына байланысты біраз уақытқа үзіліс жасауға мәжбүр болды.

2011 жылдан бастап 60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті. Әлем чемпионы атанды, бірақ бұл жеңіссіз болмады – 1/8 финалда болашақ Олимпиада чемпионы, бразилиялық Робсон Консейсанға даулы шешіммен жеңілді. Алайда төрешілердің қатесі анықталып, нәтиже қайта қаралып, жеңіс украиналық боксшыға берілді.

2012 жылы Ломаченко Олимпиада ойындарында екінші рет топ жарып, содан кейін жартылай кәсіпқой WSB лигасына ауысып, «Украина атамандары» командасында өнер көрсетті. Онда 6 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Осыдан кейін ол кәсіпқой боксқа ауысатынын мәлімдеді.

Кәсіпқой боксқа өтуі

Украиналық боксшы Василий Ломаченко кәсіпқой мансабын әйгілі промоутер Боб Арумның Top Rank компаниясымен келісімшартқа отырып бастады. Арум оған кәсіпқой рингтегі екінші жекпе-жегінде-ақ әлем чемпионы атағы үшін шайқас ұйымдастыруға уәде берді.

Ломаченко кәсіпқой рингтегі дебютін 2013 жылдың қазанында жартылай жеңіл салмақта өткізді – қарсыласы мексикалық Хосе Луис Рамиресті мерзімінен бұрын жеңіп шықты. Бұл кездесу кеш ауыстырылған қарсыласпен өтті.

Келесі жекпе-жек уәде етілгендей-ақ әлем чемпионы атағы үшін болды (WBO белбеуі). Алайда алғашқы талпыныс сәтсіз аяқталды: 2014 жылдың наурызында Ломаченко мексикалық тәжірибелі панчер Орландо Салидоға төрешілердің бөлек шешімімен жеңілді. Салидо жекпе-жекте жиі ережебұзушылыққа барып, белден төмен соққылар жасаған. Сонымен қатар, жекпе-жек алдында ол салмақты асырып, титулынан айырылған болатын.

WBO белбеуі босаған күйінде қалды, және Арум украиналыққа тағы бір мүмкіндік берді. Бұл жолы Ломаченко жеңіске жетті – төрешілердің көпшілік шешімімен америкалық болашақ чемпион Гэри Расселл-кішіге қарсы жеңіске жетіп, кәсіби мансабындағы үшінші жекпе-жегінде әлем чемпионы атанып, рекордқа теңесті.

Кейін ол бұл белбеуді үш рет сәтті қорғады: тайлық Чонлатарн Пирийяпиньоны (12 раунд, бір ауыздан шешіммен), пуэрторикалық Гамалиэль Родригесті (9-раунд, нокаут), және мексикалық Ромуло Коасичті (10-раунд, нокаут) жеңді. Бұл қарсыластардың деңгейі аса жоғары болмаған.

Одан кейін Ломаченко екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесіне өтті. 2016 жылдың маусымында ол пуэрторикалық WBO чемпионы Роман Мартинесті айқын нокаутпен жеңіп, екінші салмақ дәрежесін бағындырды.

Бұл салмақта ол төрт мәрте белбеуін қорғады. Бұл жолы қарсыластарының деңгейі әлдеқайда жоғары болды, бірақ бәрі де жекпе-жектен өз еркімен бас тартуға мәжбүр болды («табуретка» жеңістері):

  • 2012 жылғы «жыл боксшысы», бұрынғы әлем чемпионы ямайкалық Николас Уолтерс (7-раундтан кейін),
  • АҚШ-тан бұрынғы әлем чемпионы Джейсон Соса (9-раундтан кейін),
  • Колумбиядан келген Мигель Марриага (7-раундтан кейін, бастапқыда Салидомен реванш өткізуі керек еді),
  • Өзінен бір салмақ төменгі дивизиондағы P4P жұлдызы, кубалық Гильермо Ригондо (6-раундтан кейін).

Жеңіл салмақтағы жолы

Василий Ломаченко абсолют чемпион атанғысы келді, ал промоутері Боб Арум бұл арманын келесі салмақта жүзеге асыруға болатынын айтты.

2018 жылдың мамырында украиналық боксшы жеңіл салмақта (lightweight) алғаш рет жұдырықтасты. Жекпе-жек барысында ол нокдаунға түссе де, венесуэлалық тәжірибелі чемпион Хорхе Линаресті мерзімінен бұрын жеңіп, WBA Super және The Ring белбеулерін иеленді. Осылайша, Ломаченко кәсіпқой рингтегі 12-жекпе-жегінде үш түрлі салмақ дәрежесін бағындырған рекорд орнатты.

Сол жылдың желтоқсанында ол WBO нұсқасы бойынша чемпиондық белбеу үшін пуэрторикалық Хосе Педрасамен жұдырықтасып, төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Бұл жекпе-жек – белбеулерді біріктіру (объединительный бой) жекпе-жегі болды.

2019 жылдың сәуірінде Ломаченко міндетті қарсылас британдық Энтони Кролламен айқасты. Украиналық оны 4-раундта ауыр нокаутқа жіберіп, мансабын аяқтатты.

2019 жылдың тамызында украиналық бос тұрған WBC белбеуі үшін тағы бір британдық – Люк Кэмпбеллмен кездесті. Бұл айқас қиынырақ өткенімен, төрешілер шешімімен Ломаченко сенімді жеңіске жетті.

Алайда IBF белбеуі украиналықтың басты қарсыласы – америкалық жас әрі дарынды Теофимо Лопеске бұйырды. Ол жекпе-жек алдында түрлі мәлімдемелерімен айқасты қыздыра түсті. COVID-19 пандемиясына байланысты бұл кездесуді кейінге шегеруге тура келді, сайып келгенде 2020 жылдың қазанында Лас-Вегаста жекпе-жек өтті. Ломаченко бұл жолы төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіліп қалды.

Кейін белгілі болғандай, украиналық боксшы бұл жекпе-жекке иығындағы жарақатпен шыққан.

2021 жылдың 26 маусымында Лас-Вегаста Ломаченко рингке қайта оралды – бойшаң жапондық Масайоши Накатаниді 9-раундта техникалық нокаутпен жеңді.

2021 жылдың 11 желтоқсанында Нью-Йоркте бұрынғы IBF чемпионы, Ганадан шыққан нокаутшы Ричард Коммиді нокдаунға түсіріп, толық басымдықпен жеңіске жетті.

2022 жылдың 30 қазанында тағы Нью-Йоркте америкалық жеңілмеген үміткер Джемейн Ортиспен жекпе-жек өткізіп, ұпай санымен жеңіске жетті.

Соңғы жекпе-жек...

2023 жылғы 21 мамырда Лас-Вегаста (АҚШ) Василий Ломаченко кәсіпқой бокстағы басты арманы – абсолют чемпион атағын иеленуге бір қадам жақындады. Бұл үшін ол жеңіл салмақтағы барлық белбеулердің иегері, америкалық Девин Хэйниді жеңуі керек еді. Алайда украиналық боксшы даулы төрешілер шешімімен жеңіліп, арманына жете алмады. Бұл жекпе-жек төрешілер шешімімен қабылданғанымен, көптеген сарапшылар мен жанкүйерлер Ломаченко жеңіске лайық болды деп санайды.

Ломаченко – Камбосос

2024 жылдың 12 мамырында украиналық Перте (Аустралия) жергілікті экс-чемпион Джордж Камбососпен жұдырықтасады. Бұл айқаста IBF нұсқасы бойынша бос тұрған чемпиондық белбеу сарапқа салынады. Камбосос – Теофимо Лопестен сенсациялық жеңісінен кейін танылған мықты қарсылас. Ломаченко үшін бұл тағы бір чемпиондық белбеуге ие болуға тамаша мүмкіндік.

Букмекерлік кеңселер мен сарапшылар Ломаченконы фаворит деп санайды. Оның техникасы, рингтегі IQ және тәжірибесі Камбосостың стиліне қарсы жақсы жұмыс істейді деп болжануда. Дегенмен, Камбосос өз жерінде жұдырықтасады, әрі батыл әрі табанды қарсылас ретінде белгілі.

Бокстағы рекорды

  • Жекпе-жектер саны: 20
  • Жеңістер: 17 (оның ішінде 11-і мерзімінен бұрын)
  • Жеңілістер: 3

Ломаченко жеңіліс тапқан үш қарсыласы – Орландо Салидо, Теофимо Лопес және Девин Хэйни. Барлық жеңілістер төрешілер шешімімен қабылданған.