Самурайлар текетіресі: Накатани атақты Иноуэге қарсы жекпе-жек өткізеді

WBC тұжырымы бойынша жеңіл салмақтағы чемпион Дзюнто Накатани 8 маусымға жоспарланған IBF чемпионы Рёсукэ Нисидамен өтетін біріктіру жекпе-жегінен кейін бірден жартылай жеңіл салмаққа ауысуы мүмкін. Бұл туралы оның бапкері Руди Эрнандес The Ring басылымына берген сұхбатында айтты.
Нисидамен өтетін жекпе-жекте жеңіске жеткен жағдайда, яғни WBC мен IBF белбеулерінен бөлек, жеңіл салмақтағы The Ring тұжырымының бос тұрған белбеуі сарапқа салынатын айқаста Накатани WBO тұжырымы бойынша жартылай жеңіл салмақ чемпионы Рафаэль Эспиносамен кездесу өткізіп, осы дивизионда өзінің танымал отандасы, бірінші жартылай жеңіл салмақта абсолютті әлем чемпионы болып отырған Наоя Иноуэмен үлкен жекпе-жекке дайындала алады.
Мен WBO чемпионы Рафаэль Эспиносамен бірден жекпе-жек өткізгенді қалаймын. Бұл – бойы ұзын әрі өте талантты екі боксшы арасындағы керемет айқас болар еді. Бұл жекпе-жек Дзюнтоға танымалдық әкелер еді, көрермендердің де ықыласына бөленер еді, – деді Эрнандес.
Айта кетейік, Иноуэ мен Накатани келер жылы жекпе-жек өткізуді алдын ала келісіп қойған. Алайда Иноуэ әзірге жартылай жеңіл салмаққа қашан өтетінін нақтыламаған. Сонымен қатар, Иноуэнің бойы – 165 см, ал Накатанидікі – 173 см. Эспиносаның бойы тіпті 185 см.
Егер әзірге Иноуэмен жекпе-жек өткізе алмасақ, Эспиносамен айқас өткізе аламыз. Егер бізге бұл жекпе-жекті ұсынса, бірден келісеміз. Кейін Иноуэ де бізге келіп, жартылай жеңіл салмақта титул үшін айқаса алады, – деді бапкер.