Бруклиндегі супер бой – Шон Портер Дэнни Гарсияны жеңіп, WBC чемпионы атанды

2018 ж. 9 қыркүйек
Бруклиндегі супер бой – Шон Портер Дэнни Гарсияны жеңіп, WBC чемпионы атанды

Бруклинде өткен кәсіпқой бокс кешінің басты жекпе-жегінде америкалықтар Шон Портер мен Дэнни Гарсия кездесіп, 12 раундтық айқастың қорытындысы бойынша алғашқысы жеңіске жетті.

Нокдаун көрген жоқпыз, нокаут тіпті болмады. Бірақ, бұл жекпе-жек Barclays Center кешеніне жиналған барлық жанкүйердің айызын қандырды. Залға қонақ ретінде келген Кит Турман, Эррол Спенс, егіз Чарлолар да әр шабуыл сайын бастарын изеп, қол шапалақтап отырды. Шаршы алаңдағы екі боксшы да бір-біріне лайық қарсыластар екен, 12 раунд бойы кәсіпқой бокстың небір арсеналын қолданды.

Дегенмен, тең дәрежеде өткен айқаста Шон Портер сәл ширақтау, сәл өтімдірек, сәл қарқындырақ, қорыта айтқанда Дэнни Гарсияға қарағанда сәл басымдау болды. 12 раунд бойы қолдарын бір түсірген жоқ. Секеңдеп жүріп-ақ Дэнни Гарсияның әр тура соққысына сериялық шабуылдарымен жауап беріп, қарсыласының бетін қайтарып тастап жүрді. Нәтижесінде үш төрешінің біреуі 116:112 есебін көрсетсе, қалған екеуі хаттамасында 115:113 есебін тіркеді. Осылайша Шон Портер жартылай орта салмақтағы вакантты WBC чемпиондық белбеуін жеңіп алды.

Иә, Портер бұрынғыға қарағанда ет жинапты. Қарқынын да күшейткен. Тактикасын да біршама өзгерткен. Кімге болса да ыңғайсыз қарсылас екен. Қай жағыңнан келіп шабуылдайтынын бағу қиын. Дегенмен, мұндай төбелес Теренс Кроуфордты айтпағанда Эррол Спенс немесе Кит Турманға қарсы өте ме? Қанша дегенмен бұл трионың шеберлігі Дэнниге қарағанда әлдеқайда жоғары.

Айтпақшы, енді Шон бұл белбеуді айналдырған 4-5 айдың ішінде екі рет қорғауы қажет. Дүниежүзілік бокс кеңесінің ережесі бойынша вакантты белбеуге қол жеткізген боксшы бірінен соң бірі қатарынан екі рет міндетті жекпе-жек өткізуі тиіс. Ал оның қарсыласы Кит Турман болуы мүмкін. Өйткені, былтыр наурызда Дэнни Гарсияны жеңіп, дәл титулға ие болған Турман жарақатына байланысты белбеуден бас тартуға мәжбүр болған. Бірақ Дүниежүзілік бокс кеңесі боксшыға егер қаласа Шон Портер мен Дэнни Гарсияның қай жеңгеніне бірінші міндетті қарсылас бола алатынына уәде берген. Сондықтан шығар, Бруклиндегі бокс кешенінде Кит Турман жекпе-жекті көз алмай тамашалады.

Енді айта кетейік, Кит Турман соңғы екі жекпе-жегінде Дэнни Гарсияны да, Шон Портерді де ұтқан. Бірақ, үш төрешінің де шешімімен 113:115 есебімен ұтылған Портер қарсыласынан реванш сұраған еді. Міне, қарымта қайтаратын кез келген секілді.

Текст: Sadvakas Maikibayev