​Данияр Елеусінов Канело-Кроуфорд кешінде жұдырықтасады

2025 ж. 28 мамыр
​Данияр Елеусінов Канело-Кроуфорд кешінде жұдырықтасады

2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы, қазақстандық танымал боксшы Данияр Елеусінов (12-0, 7 KO) жазда қайта рингке оралады. Бұл туралы боксшының менеджері Зия Алиев мәлімдеді.

Елеусінов соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың қыркүйегінде Алматыда өткен бокс кешінде өткізіп, 5-раундта филиппиндік Джо Нойнайды мерзімінен бұрын жеңіп, жартылай орта салмақтағы WBC Peace титулын иеленген болатын.

Кейін ол UFC басшысы Дана Уайт пен бокстың суперинвесторы Турки әл-әш-Шейхтің қолдауымен құрылған жаңа TKO Boxing лигасымен келісімшартқа отырды.

Алиевтің айтуынша, Данияр шілде айында АҚШ-та дайындық мақсатындағы жекпе-жек өткізеді. Сондай-ақ, оның кандидатурасы мексикалық Сауль «Канело» Альварес (62-2-2, 39 KO) пен америкалық Теренс Кроуфордтың (41-0, 31 KO) арасындағы жекпе-жек кешінің андеркартында өнер көрсету үшін қарастырылып жатыр.

Даниярдың шілдеде АҚШ-та дайындық жекпе-жегі өтеді. Ал қыркүйекте Канело – Кроуфорд жекпе-жегінің кардында шығуы мүмкін. Бұл оның TKO лигасындағы дебюті болады, — деді Алиев.

Еске салсақ, Канело-Кроуфорд жекпе-жегі 13 қыркүйекке жоспарланған. Ол АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтеді деп күтілуде.