Бекман Сойлыбаев – Шаршы алаңды сағындым

2020 ж. 20 ақпан
Бекман Сойлыбаев – Шаршы алаңды сағындым

Бекман Сойлыбаев (12-0, 4 KO) елорданың боранды күндерінде жаттығу жұмыстарын өткізіп, алдағы жекпе-жегіне өз елімізде дайындалды. Біз онымен соңғы спарринг кездесуі аяқталған бетте жүздесіп, сөзге тарттық.

– Сіздің шаршы алаңнан көрінбей кеткеніңізге екі жылдан едәуір асып кетті. Қазір жаттығу жұмыстарын қайтадан бастапсыз. Ұзақ уақыт көзден таса болуыңызға не себеп болды?

– Иә, 2017 жылдың қазан айынан бері рингке шыққан жоқпын. Оның басты себебі – оң қолымды жарақаттап алуым. Сол жекпе-жектен кейін 10 айға жуық уақыт бойы емделдім. Ем-дом сәтімен өтіп, қолым жазылды. Содан соң спорттық бабыма келу үшін бірден жаттығу жұмыстарына кірістім. Қазір бәрі ойдағыдай. Шаршы алаңға шығуға толықтай дайынмын. Кіммен болсын, қай жерде болсын, жұдырықтасқым келеді.

– Аз уақыт емес, әрине... Шыныңызды айтыңызшы, ұзақ уақыт шаршы алаңнан тыс қалғаныңызға өкінбейсіз бе?

– Бәрі де Алланың қалауымен. Бұл да тағдырдың жазғаны болар... Жоқ, өкінбеймін! Алдағы уақытыма, кәсіпқой бокстағы алдағы карьерама береке берсін деймін. Әрине, осы екі жылдың ішінде бірнеше жекпе-жек өткізгенде, ендігі чемпиондық атақ пен белбеуді сарапқа салу құқығына ие болар да ма едім?! Бәріне уақыт – төреші. Тек алға қараймын. Артыма қарайлау ойымда да жоқ. Қазақ «әр нәрсенің қайыры бар» демей ме, мен де тек алдағы күндеріме үмітпен қараймын. Әрі үмітімді үзбек те емеспін.

– Рингке енді қашан шығатын болып, дайындалып жатырсыз?

– Наурыз айында, Алматыда Қанат Исламның (27-0, 21 KO) бокс кеші өтуі керек. Осы кештің андеркартында шаршы алаңға шығатын боламын. Жоспарымыз осындай, әзірше. Қарсыласым әлі белгісіз. Соған дайындалып жатырмын. Дәулет Дәукенов бауырымыздың келесі жекпе-жегіне дайындалып жүргенін естіп, спарринг-кездесулер өткізуге келістім. Оған да, маған да пайдасы болсын деген ниетпен біраз тер төктім.

– Жалпы қазір кәсіпқой бокстағы қазақ боксшыларының саны жыл сайын артып келеді. Сіз олардың аяқ алыстарын жіті қадағалап отырған да боларсыз. Қайсысына үлкен сенім артасыз? Кімнің болашағына зор үмітпен қарайсыз?

– Дұрыс айтасыз, қазір кәсіпқой бокста қазақ жігіттері көбейіп келеді. Мен олардың бәрінің де өз мақсаттарына жетулеріне тілектеспін. Өз басым қазақтан да Әлем чемпионы шығарына сенімдімін. Оған кәміл сенемін. Бізде әлеуеті зор, деңгейі жоғары боксшылар өте көп. Бірақ бөле-жара ешкімнің де атын атағым келмейді. Өйткені кәсіпқой бокс тек қана спорт емес, сонымен қатар, бұл – бизнес. Мұнда ерен жетістікке жету тек боксшының өзіне ғана емес, сондай-ақ промоутері мен менеджеріне де тікелей байланысты. Қандай қарымды, қандай жақсы боксшы болсаң да, әлгі екеуісіз жоғары белестерді бағындыру мүмкін емес. Сондықтан дөп басып айту қиын. Кімнің бағы жанады, сол чемпион болады. Кәсіпқой бокс шаршы алаңындағы жігіттерімізге бармақтай бақ берсін деп тілеймін.