Бейбіт ШҮМЕНОВ – Боксшы бірінші кезекте өз мықтылығын Америкада дәлелдеуі қажет

2018 ж. 21 мамыр
Бейбіт ШҮМЕНОВ – Боксшы бірінші кезекте өз мықтылығын Америкада дәлелдеуі қажет

Астана қаласының 20 жылдығына орай 7 шілдеде елордамызда кәсіпқой бокс кешін өткізетін Бейбіт Шүменов чемпиондық жекпе-жегіне дайындығы туралы айтып беріп, жас боксшыларға кеңес берді.

– Дайындығымды қазір Астанада жүргізіп жатырмын. Өйткені, ұйымдастырудың басы-қасында өзім жүргендіктен сыртқа көп шыға алмаймын. Сондықтан, жаттығуларымды осында өткізуге мәжбүрмін. Әйтпесе, Англияда дайындалуым тиіс болатын. Қазір командамның барлығы осында. Англиядағы, АҚШ, Кубадағы жаттықтырушыларым мен көмекшілерімді шақырдым. Жалпы, осындай кештер арқылы қазақстандық боксшылардың әлем чемпионы атағына шығарғым келеді.

– Сіздікі түсінікті, бірінші ауыр салмақ дәрежесінде WBA чемпиондық атағына таласасыз. Ал андеркардтағы жекпе-жектердің ішінде титулдық айқастар бола ма?

– Орта салмақтағы Айдос Ербосынұлы WBA тұжырымының аймақтық белбеулерінің біріне таласады. Сондай-ақ, Фируза Шарипова өзінің белбеулерін қорғамақ. Бұлардан бөлек, ресейлік Инна Сагайдовская да WBC уақытша чемпиондық атағын қорғайтын болады.

– Бейбіт, сіз өз жекпе-жектеріңізді Қазақстанда да, мұхиттың арғы жағында да өткізіп жүрген боксшылардың бірісіз. Қалай ойлайсыз, жанкүйерлердің ықыласына бөлену үшін жас боксшыларға айқастарын Америкада өткізу керек пе, әлде британиялықтар секілді өз жерімізде жұдырықтасып та, өздерін мойындата ала ма?

– Өз жерімізде жұдырықтасып жүріп те жанкүйерлердің ықыласына бөленетіндей біздің кәсіпқой бокс әлі Ұлыбританияның деңгейіне жеткен жоқ. Сондықтан, жастарға берер кеңесім, егер көпшілік сені мойындасын десең, алдымен Америкаға барып, өз мықтылығыңды дәлелдеп қайт. Сыртта жүріп жеңіске жетсең, қадірің артады.

– Ұлыбритания демекші, бізде де қазір кәсіпқой бокста жүрген жігіттер аз емес. Бәлкім, «Тұманды альбиондағыдай» немесе Жапониядағыдай әртүрлі тұжырым бойынша өз еліміздің чемпиондарын анықтайтын жобаны қолға ала аламыз ба?

– Бізде әртүрлі тұжырым бойынша аймақтық титулдарды сарапқа салатын, соның ішінде ішкі чемпиондарды анықтайтын жоба бұрын да болған. Қазір де соны қайта қолға алуға болады. Мәселен, шілде айында Астанада өтетін WBA конвенциясында осы мәселені талқылап, WBA тұжырымы бойынша Қазақстан чемпионы деген белбеуді шығару жағын ойластырамыз.

Текст: Sadvakas Maikibayev