Бақтияр АРТАЕВ – Қазақстанда жанкүйерлердің жүрегін жаулау үшін алдымен Американы бағындыруың қажет

2017 ж. 8 қазан
Бақтияр АРТАЕВ – Қазақстанда жанкүйерлердің жүрегін жаулау үшін алдымен Американы бағындыруың қажет

Бокстан 2004 жылғы Афины Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев Қазақстан кәсіпқой боксы жайлы пікірін білдірді.

– Соңғы кездері елімізде кәсіпқой бокстың қарқынды дамып келе жатқандығы қуантады. Бұрын әуесқой бокспен шектеліп қалып жататын еді, қазір жігіттер кәсіпқой шаршы алаңда да нәпақаларын таба бастады. Тіпті, Олимпиада жүлдегерлері де осы бағытты таңдап жатыр. Промоутерлік орталықтар өзімізде де ашылып жатыр. Мұның барлығы елімізде кәсіпқой бокстың болашағы бар екендігін көрсетеді.

– Қазақстанда жанкүйерлердің жүрегін жаулау үшін Америкаға барып айқасу керек деген пікір бар. Мұнымен келісесіз бе?

– Иә, келісемін. Бізде өз мықтылығыңды Америкаға барып дәлелдесең ғана қазақ жанкүйерлері жақсы қабылдайды. Сондықтан, боксшыларымыздың көбі АҚШ-та шаршы алаңға шығып жүр. Қазақстаннан шықпайтын боксшылардың есімдері бұқаралық ақпарат құралдарында да көп айтыла бермейді. Мұның себебі – Америка кәсіпқой бокстың меккесі болып кеткендігінде шығар. Рас, Украинаның боксшылары өз жерінде жұдырықтасып-ақ жанкүйерлердің арасында жұлдыз болып жүре береді. Дегенмен, бізде халықтың менталитеті бөлектеу. Өзім де сыртта жұдырықтасып, қазақтың атын шығарып жүрген боксшыларды қатты құрметтеймін.

– Кәсіпқой бокста жүрген сырттағы жерлестерімізден кімнің өнері ұнайды?

– Мен барлық боксшыларымыздың әр қадамын бақылап жүремін. Сырттай сүйсініп, әрқайсысына тілектеспін. Мықты боксшылар көптеп өсіп келеді. Бұрын тек Геннадий Головкиннің ғана жекпе-жектерін қарап жүрген болсақ, қазір жоғары деңгейде жұдырықтасып жүрген оннан аса жерлесіміз бар.

Текст: Sadvakas Maikibayev