Уайлдер VS Фьюри – жекпе-жек қашан өтеді?

2018 ж. 21 тамыз
Уайлдер VS Фьюри – жекпе-жек қашан өтеді?

Бұл жекпе-жек ресми түрде әлі бекітілген жоқ. Бірақ, әйтеуір алдағы алты айда өтетіні анық. Қашан, қай жерде?

Таяуда Солтүстік Ирландия астанасы Белфаста аса ауыр салмақ дәрежесіндегі экс-чемпион Тайсон Фьюри үш жылдық үзілістен кейінгі өзінің екінші жекпе-жегін өткізіп, италиялық қарсыласы Франческо Пьянетаны жеңді. Ал айқастан кейін шаршы алаңға Деонтей Уайлдер мен Фьюридің промоутері Фрэнк Уоррен көтерілді.

– Құрметті халайық, біз келістік. Тайсон Фьюри мен Деонтей Уайлдер алдағы уақытта өзара жекпе-жек өткізеді. Келісімшартқа қол қойылды, – деп Фрэнк Уоррен стадионға лық толы көрерменді бір гуілдетті.

Алайда, содан бері үш күн өтті, жекпе-жектің қашан, қайда өтетіні әлі белгісіз. Тіпті, boxrec.com сайтында да бұл туралы ешқандай ақпарат жоқ. Ендеше алыптар арасындағы бұл айқас қашан, қай жерде өтетіні жөнінде аз-кем талқылап көрсек.

Қашан?

WBC  чемпионы Деонтей Уайлдер мен төрт тұжырымның экс-чемпионы Тайсон Фьюри арасындағы айқастың қашан өтетінін жобалау үшін бұлардың басты бәсекелестері Энтони Джошуа мен Александр Поветкиннің кездесу уақытын қарау керек шығар. Британиялық пен ресейліктің айқасы 22 қыркүйекте өтеді. Ал boxrec.com сайтын қарап отырсақ, Джошуаның бұл кездесуден кейін 2019 жылдың 13 сәуірінде қайта шаршы алаңға шығу жоспарының барын көреміз. Ал Фрэнк Уорреннің айтуынша Уайлдер мен Фьюридің жекпе-жегі биыл қараша немесе желтоқсан айында өтуі мүмкін. Біздіңше, әккі Уоррен бұл айқасты жыл соңына қалдырмауы тиіс. Өйткені, қай жеңгені келесі жылдың сәуірінде Джошуамен абсолютті чемпиондыққа таласады деп күтілуде. Қателесуіміз мүмкін, бірақ, бір ойымыз айқастың уақыты қараша айы деп отыр.

Қай жерде?

Екі-ақ нұсқа бар. Бірі – Ұлыбритания астанасы Лондон, екіншісі – АҚШ-тың Нью-Йорк қаласы. Бүгінге дейін шаршы алаңға 40 рет шыққан Деонтей Уайлдер Ұлыбританияға бір-ақ рет барған екен. 2013 жылдың сәуірінде Шеффилдке қонаққа барып, Эудли Харрисонды жеңіп қайтқан. Сондай-ақ, үш рет Мексикада, тағы бір рет Пуэрто-Рикода жұдырықтасқан. Қалған айқастарының бәрі АҚШ-та өтіпті.

Еншісінде 27 жекпе-жегі бар Тайсон Фьюри де екі рет Америкаға барған. Бір рет Канадаға барып қайтса, тағы бір рет Нью-Йоркте шаршы алаңға шығыпты. Қалған кездесулерінің барлығын Еуропада өткізген. Ирландия мен Германияда бір-бір айқастан өткізіп, қалған айқастарының барлығын Ұлыбритания жерінде ұйымдастырған.

Шыны керек, екеуіне де қай жерде төбелессе де бәрібір. Ең бастысы, ақша жағы. Ал Уорреннің айтуынша, жекпе-жектен түсетін пайда теңдей бөлінбек.

Текст: Sadvakas Maikibayev